БҚО әкімі белгілі күйші Айтжан Тоқтағанды қабылдады
Кездесуде дәстүрлі домбырашылық өнердің дамуы, болашағы жөнінде келелі әңгіме қозғалды.
Биыл күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың туғанына 190 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін Орал қаласында домбырашылардың республикалық фестивалі басталады. Аталмыш байқаудың қазылар алқасының төрағасы Айтжан Тоқтағанның айтуынша, оған Қазақстанның Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарынан 20 домбырашы қатысады. Бұл өнер додасының бір ерекшелігі, үш кезеңнен тұратын байқаудың үшінші турында домбырашылар Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне қосылып орындайды. Байқауда негізінен Құрманғазының күйлеріне басымдық беріледі.
«Өңірде домбырашылық өнердің дамуына облыс басшысы ерекше мән беріп отыр екен. Кездесу барысында осыған көзім жетті. Өнерге қолдау барда даму бар», - деді А.Тоқтаған.