БҚО әкімі Н.Ноғаев өңір жұртшылығын Отан қорғаушы күнімен құттықтады

Жеңіс алаңына жиналған өңір жұртшылығын мерекемен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Облыс басшысы атап өткендей, Елбасы-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында Отан қорғау мүмкіндігіне ие болу - зор құрмет» деген болатын.
Мемлекет өз жерін кез келген қол сұғушылықтан қорғауға қабілетті болғанда ғана тәуелсіз бола алады. Бұған тарих сабақтары дәлел. 1992 жылғы 7 мамыр - осы тарихи күннен бастап жаңа тұрпаттағы Қарулы Күштеріміздің даңқты ғұмыры басталды. Қазақстанда бейбітсүйгіш қуатты армия пайда болды.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның армиясы - біздің ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы. Қалыптасқан игі дәстүр бойынша еліміз Ұлы Жеңістің жарқын мерекесі қарсаңында Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күні - Отан қорғаушы күнін атап өтеді.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды, ол жылдар өткен сайын мәртебесі өсіп, айбындана түседі. Аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлері төл Қарулы Күштеріміздің қатарында қызмет атқарып жүрген бүгінгі қазақстандық жауынгерлердің сапында лайықты жалғасын табуда.
Сондай-ақ БҚО қорғаныс істері департаментінің бастығы Альберт Жакияев әскерилер мен жұртшылық өкілдерін мейраммен құттықтады.
Бір топ әскери қызметкер ҚР Ішкі істер министрлігінің екінші және үшінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. Салтанатты шара әскери шеруге ұласты. Кешкісін Абай атындағы орталық алаңда Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерттік бағдарлама өтеді.