БҚО әкімі Н.Ноғаев жұртшылық алдында есеп берді

«Биыл өңірімізде бүгінге дейін 447 есептік кездесу жиналыстары өтті. Мен барлық аудандар және Орал қаласы әкімдерінің есебіне қатыстым. Көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Олардың бәрі сарапталып, нақты іс-шаралар жоспары жасалатын болады, орындалуы туралы жүйелі түрде халықты хабардар етіп отырамыз. Мен қатысқан есептік кездесулер халық пен атқарушы билік органдарының арасындағы байланыс жыл өткен сайын нығайып, проблемаларды шешуде өзара түсіністік бар екенін және ол жалғаса беретінін көрсетті», - деді облыс басшысы өз баяндамасында.
Өткен жылы барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулерінде облыс тұрғындарынан бір жарым мыңнан астам сауалдар мен ұсыныстар келіп түсті.
Кездесуде көтерілген өзекті мәселелерді жүзеге асырудың іс-шаралар жоспары жасақталып, орындалды.
2012 жылдың 27 қаңтарында Елбасы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария етті. Онда Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдары алдымызға қойған ұлан-ғайыр міндеттерді орындаудағы еңсерген биіктерімізді саралап, алда атқарылар жұмыстардың басымды бағыттарын айқындап берді.
Биылғы Жолдаудың ерекшеліктері мен алға қойған міндеттері ағымдағы жылдың 2 ақпанында өткен облыс активі жиналысында кеңінен талқыланып, атқарылатын жұмыстар айқындалды.
«Өткен жылы облыста атқарылған жұмыстарға қысқаша көз жүгіртіп, сараптар болсақ, аймақ экономикасын дамытуда елеулі істерді тындырдық. Олай деп айтуға негіз де бар. Өткен жылдың қыркүйек айында облысқа жұмыс сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Дегенмен, өткен жыл біз үшін оңай жыл болған жоқ. Табиғат тосын мінез көрсетті. Көктемгі су тасқыны кезінде облыстың елді мекендері, облыс орталығы мен аудандардағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және энергетика саласы нысандарын су басып, бұрын-соңды болмаған төтенше оқиға орын алды. Егер тасқын кезінде ел болып жұмыла жүк көтермегенде, тасқынның зардабы әлдеқайда ауыр болар еді. Елбасының тікелей қолдауымен, Үкіметтің көмегімен, Ұлттық компаниялар мен облыстардан, жеке және заңды тұлғалардан түскен қаржылық және гуманитарлық жәрдемнің арқасында бұл қиындықты да жеңе білдік», - деді ол.
«Ұлу жылы да қатты болып тұр. Әсіресе, Қазталов, Жәнібек, Қаратөбе аудандарында қар түсімі әдеттегіден көп. Қала және аудан әкімдеріне көктем уақытында су тасқынынан сақтану шараларын алуды, күн демей, түн демей жағдайды бақылауда ұстауды тапсырамын», - деген әкім, бұдан кейін өткен жылдың қорытындыларына тоқталып, алда тұрған міндеттерді атап көрсетті. Залға жиналған тұрғындардың сауалдарына да жауап берді.