БҚО әкімі: «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасы табысты орындалуда (фото)

Мұндай тарихи кезеңде Елбасы Қазақстанның тағдырына, қауіпсіздігіне, халқымыздың келешегіне алаңдамай тұра алмайды. Заманның нақты қатер-қауіптерінен қоғамның, еліміздің экономикасының орнықты дамуына алаңдап, қауіпсіздікті басты назарда ұстап отыр. Жаңа экономикалық саясаттың өзегі инфрақұрылымдық даму болып табылады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХV есеп беру-сайлау конференциясында облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
Президентіміз «Мәңгілік ел» идеясының қазақстандықтар үшін мән-маңызын толығымен түсіндіріп, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы өтетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын, сондай-ақ 2015 жылы Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілетіндігін айтты. Осы орайда, Елбасымыздың сенімді тірегіне айналып, еліміздегі саяси ахуалдың, экономикалық-әлеуметтік жағдайымыздың дамуына зор үлес қосып жатқан «Нұр Отан» партиясының да алар орны ерекше. Бұл ретте Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаев ұлттық қордан бөлінген қарыжының тиімді жұмсалуын бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсыруы тегін емес.
Облыс басшысының айтуынша, партияның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру бағытында партия филиалы жанынан 12 сарапшы топ, 12 партиялық жоба жұмыс жасауда. Саяси кеңестің өткен отырысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сайлауалды тұғырнама көрсеткіштерінің 70 пайызы мерзімінен бұрын орындалғаны туралы айтты. Сайлауалды тұғырнаманың көрсеткіштері қатарына БҚО бойынша 12 бағытта 22 мақсатты индикатор, 129 нәтиже енгізілген. Сол 22 мақсатты индикатордың алтауы күні бұрын орындалып отыр. Атап айтқанда, балалардың 80 пайызын мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту - 95,7 пайыз;
Жасөспірімдердің 12 пайызының дене тәрбиесімен және спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету - 16,3 пайыз;
Жұмыссыздық деңгейін 5,4 пайыз шегінде қамтамасыз ету, бүгінгі күнге 4,9 пайыз;
Үш ауысымды оқытуды қолданатын мектептердің үлесі 2,6 пайыз, облыста 0 пайыз;
Мектептердің 30 пайызында мүмкіндігі шектеулі балалардың оқуы үшін жағдай жасау, облыс бойынша 38,1 пайыз;
Халықтың компьютерлік сауаттылығының деңгейін 40 пайызға жеткізу, облыста 92 пайыз;
Экономиканың жылдық орта өсімі 6-8 пайыз деңгейінде болуын қамтамасыз ету. Алдыңғы жылмен салыстырғанда ЖІӨ-нің нақты көлем индексі 106,2 пайыз, облыста 109,4 пайыз;
Ауылдық елді мекендерді 65 пайызға дейін орталық сумен жабдықтау, облыста 86 пайыз;
2015 жылға дейін жергілікті телефон байланысының сандандырылуы көрсеткішін 100 пайызға дейін арттыру, күні бүгін 99,3 пайызға жетіп отыр.
Тұғырнаманы іске асыру барысында биылғы жылдан бастап түрлі мақсатты топтарға бағытталған партиялық жобалар жүзеге асуда. Мәселен, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 40 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, 620 адам жұмысқа орналасты. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында соғыс ардагерлердің әлеуметтік мәселелері бойынша 301 Ұлы Отан соғысы ардагерінің әлеуметтік картасы жасақталды. Сондай-ақ еңбек арадагерлері, тыл еңбеккерлері де партия назарында. «Бақытты отбасы» жобасының басты басымдылықтары отбасы құндылықтарын сақтау мен үлгілі отбасыларды насихаттау. Отбасы күнінде 13 білім беретін мекемеде өткен шара барысында 680 ата-анаға отбасылық психологтар тарапынан консультациялар берілген. «Бақытты балалық» жобасы бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға қамқорлық көрсетілуде. «Біздің ауыл» жобасы аясында ауылды абаттандыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 77 шара ұйымдастырылған. 21 061 тонна күл-қоқыс шығарылып, 54 616 мың жасыл көшеттер отырғызылып, 15 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, 17 балабақша мен спорттық алаң тұрғызылған. Ал «STOP-қылмыс», «Мықты бизнес - қуатты мемлекет», «Айқын тариф», «Партияның 50 тұлғасы» жобалары да түрлі мақсатты топтармен жұмыс жасауға бағытталып отыр. «Сәтті қадам», «Жастар - Отанға!», «Жастар кадрлық резерві» жобалары арқылы екі мыңға жуық жас түрлі деңгейдегі шараларға тартылып, «Кеңес орталығынан» 560 жас психологиялық, заңгерлік кеңес алған. Сонымен қатар, партия жанында мәдениет пен өнерді, тарих пен ұлттық мұраны қорғау мақсатында «Мирас» қоғамдық кеңесі жұмыс жасайды. Партия жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының облыстық бөлімшесі де өңір жастарымен жұмыстануда. Бүгінде оның 13 аумақтық бөлімшесінде 17 мыңнан астам мүшесі бар. Жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдауына облыс көлемінде 3376 арыз түссе, оның 44 пайызы қанағаттандырылған.
-Біз - Елбасы ұстанған бағыт-бағдардың қолдаушысымыз және оны жүзеге асыруды мақсат еткен ұлы күшпіз, іргелі істерді, ұлы мақсаттарды алға апарушы, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуші дәнекерлерміз. Партияның атына нұқсан келтірмеу үшін әрқайсымыз өз ісімізге асқан жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Сонда ғана халықтың бізге деген сенімі одан сайын беки түсетін болады, - деді әкім.
Конференцияда Зеленов ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалының төрағасы Кәрім Жақыпов, Жаңақала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов, аталмыш партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, Тасқала аудандық мәслихатының депутаты Владимир Флоров, «Қазақстан Темір жолы» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Арман Шармағамбетов, «Партияның 50 тұлғасы» жобасына қатысушы, Шыңғырлау аудандық мәслихатының депутаты Галина Волкогон, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Төрехан Дүйсенғалиев сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиын соңында бірқатар партия мүшелеріне «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің, облыстық филиалдың алғысхаттары табыс етілді.
Айта кетейік, күні бүгін өңірде 25374 партия мүшесі, біріктірілген 258 бастауыш ұйым бар.