БҚО ардагерлер кеңесінің пленумында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік мәселесі қаралды
Пленумда Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер мен 2015 жылы аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік мәселесі қаралды.
Облыс басшысы Нұрлан Ноғаев қоғам өмірінде соғыс және еңбек ардагерлерінің орны ерекше екенін, олардың елдің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап көрсетті. Әсіресе жас ұрпақ тәрбиесінде ардагерлердің берер үлгі-өнегесі өлшеусіз.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов аталмыш ұйымның негізгі бағыттары жөнінде баяндап берді. Бұл ретте «Қазақстан - 2050» стратегиясын түсіндіруге ардагерлердің қатысуы, жастардың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыру, Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам идеяларын насихаттауға ерекше екпін түсірілді. Мұндай жұмыс Теректі, Бөрлі, Ақжайық, Қазталов, Жәнібек аудандарында жақсы жолға қойылған. М. Мұхамбетов инновациялық жобалар жүзеге асырылып жатқан нысандарда ардагерлер бекетін құруды ұсынды.
Жиында сөйлегендер де өз ұсыныс-тілектерін білдірді. Әсіресе жұртшылық «Ардагерлер туралы» Заңның қабылдануын күтуде. Жеңістің 70 жылдығына дайындық барысында тыл еңбеккерлерінің мәртебесін айқындау, өшпес ерлік көрсеткендер мен соғыс кезінде елде жанқиярлық еңбек еткендерге ескерткіш орнату туралы айтылды.
Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев өзекті мәселелерге тоқталып, бір топ ардагерлерге марапаттар табыс етті.