БҚО аудандарында 1273 текше метр су сорылып, 214 адам, 57 техника, 25 мотопомпа тартылды

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен 18 наурыз күні түскен мәліметке қарағанда, өңірде күн тегіс жылынып, қардың тез еруіне әсер етуде. Жайық өзенінің Тайпақ, Қараөзеннің Жалпақтал ауылы тұсында мұз қарауытса, Шыңғырлау, Деркөл, Көпіраңқаты, Быковка, 2-Шежін өзендерінде кей тұстарда мұз үстіне су шыға бастады. Шідерті, Өлеңтіде мұз көтерілген.
Орал қаласы бойынша су тасқынының алдын алуға аталмыш департаменттен 20 адам, 6 техника, 15 мотопомпа жұмылдырылған. Бұған жол пайдалану кәсіпорны және басқа кәсіпорындардан да техника-күштер қатыстырылуда. Қаланың 17 бөлігінде 53 техника қар шығарумен айналысуда. Қала бойынша 7 эвақосын дайын тұр.
Бөрлі ауданы бойынша 330 текше метр су сорылып, 70 адам, 32 техника, 7 мотопомпа жұмыс жасауда. Осындай жұмыстар Зеленов, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау және Сырым аудандарында да атқарылуда. БҚО аудандарында күні бүгін 1273 текше метр су сорылып, 214 адам, 57 техника, 25 мотопомпа тартылды.