БҚО ауруханасында несеп жолдарындағы тасты лазер аппаратымен уату арқылы қансыз ота жасалды

ОРАЛ. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының урология бөлімшесінде батыс аймақтағы облыстар арасында тұңғыш рет несеп жолдарындағы тасты лазер аппаратымен уату арқылы қансыз ота жасалды.
None
None

Ол Алматы қаласындағы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты урология және андрология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Болат Шәлекеновтың қатысуымен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық ғалымның сөзіне қарағанда, шетелдік "Гольмиево-лазер Н-20" және ДУВЛ аппараттарының сатылып алынуы облыста урологиялық ауруларды кешенді емдеуге қол жеткізіп отыр. Медицинаның озығы саналатын бұл аппараттармен екі күннің ішінде 13 адамға ота жасалды. Күні бүгін бөлімшеде несеп жолындағы тас ауруымен 31 науқас жатыр. Бұл жаңа аппараттың ерекшелігі, ашық ота жасауға болмайтын қант диабеті ауруы науқасына да ота жасауға болады. Науқас операциядан кейін бірер күнде қалыпты өмірге оралады және ешқандай қабыну болмайды.

Облыс бойынша 10 мың адамның 60-62-сі несеп жолдары тасының жиналуымен ауырады. Бұл аппараттар урологиядағы аденома, цистит, полип, простатит, обыр сияқты ауруларды да кешенді емдей алады.

Алматылық ғалым бірінші отаны ғана жасаған. Қалғандарын шәкірті, медицина ғылымының кандидаты Тоқтамыс Анафин мен облыстың урологтары жасады. Бұл отада хирургтың көзі экранда, қолы аурудың ағзасында қатар жүріп отыруы керек. Осындай қиын тәсілді облыс хирургтарының тез меңгеруі қуантады.

Б.Шәлекеновтің айтуынша, соңғы жылдары облыстан урологиялық дерттермен алыс-жақын шетелге немесе Алматы, Астана қалаларына барып емделушілер саны азайған. Аталмыш құрал-жабдықтар қымбат тұрса да, ота тегін жасалуда.

Соңғы жаңалықтар