БҚО: Березов ауылында жаңа экологиялық мониторинг стансасы жұмыс жасай бастады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Бөрлі ауданы Березов ауылында болып, жаңа экологиялық мониторинг стансасымен танысып, осындағы мектеп мұғалімдерімен, тұрғындармен кездесті.
None
None

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының инженер-химигі Виталий Ковалев жаңа стансаның мүмкіндіктерімен таныстырды. Оның айтуынша, ауа құрамын өлшейтін зонд 2,8 метр биіктікте орналасқан. Ауадағы барлық заттарды бір жарымнан үш жарым метрге дейінгі аралықта өлшейтін құрал 26 желтоқсаннан бері жұмыс жасай бастаған. Осы уақыттан бері ауаға шығарылған қалдықтардың ешқандай шектен тыс асып кетушілігі болмаған. Станса Қарашығанақ кеніші бағытында орын тепкен, жел үнемі сол бағыттан соғады. Оның көрсеткен деректерін өзгерту мүмкін емес.

Облыс басшысы мектептің жанында орналасқан «ҚПО б.в.» компаниясының экологиялық мониторинг стансасын да қарады. Бұл станса тұрғындардың ренішін туғызған болатын, өйткені олардың ойынша, ауаны өлшейтін зонд үш метрден астам биікте орналасқан, сондықтан одан төмен деңгейдегі мектеп маңындағы ауа мөлшерін дәл көрсетпейді.

Әкім ат басын тіреген Березов орта мектебі директорының оқу және тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Әсел Тәтжікенованың сөзіне қарағанда, мұнда қазір балалар бір ауысымда оқуда. Өйткені олардың көпшілігі қазір БҚО-дағы «Ақжайық» және Алматыдағы «Алатау» шипажайларында демалуда. Барлық 170 шәкірт те тынығып қайтатын болады. Санаторийде емделуден бас тартқан 11 бала үйлеріне қайтқан, бұлар - негізінен төменгі сынып оқушылары. Бұл жерде облыс басшысы оларды ата-аналарымен бірге демалуға жіберуге болатындығын ескертті. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары Березов мектебіне жас мамандар да келіп, орнығып жатыр екен.

Өңір басшысы Раиса Тарасова тұрып жатқан үйге де кіріп, хал-жағдайын сұрастырды. Зейнеткер Березовтың іргесі 1905 жылы қаланғанын, мектепті өз қолдарымен тұрғызғанын, мұнай іздеу 1968 жылы басталып, 1978 жылдан қызу жұмыс жүргенін айтып берді. Сондай-ақ ауыл маңындағы тоғайды қорыққа айналдыру жөнінде ұсынысын білдірді.

«Березовта қазір жағдай тұрақты. Барлық алынған сынамалар Астана, Алматыға және Оралға жіберілді. Комиссия жұмысының қорытындысына сәйкес шешім қабылданатын болады. Алдын ала мәліметтер 15 қаңтарда белгілі болады, ал түпкілікті шешім уәде етілгеніндей, 20 қаңтар күні тұрғындарға жеткізіледі», деді әкім сапарының соңында.

Соңғы жаңалықтар