БҚО-да 2011 жылы 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, мұның құны 157,5 млрд. теңгені (274 жұмыс орны) құрайды.
Осы жобалардың бірі «Диаметрі 630 мм-ге дейінгі полиэтилен құбырларын өндіру» жұмысын «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС жүзеге асырды. Құбыр өндірісінің әлемдік көшбасшысы «KraussMaffei» фирмасының германдық жабдығын орнатқан компания тек еліміз ғана емес, көршілес Ресей облыстарына да өз өнімін шығарады. Өткен жылы 625 млн. теңгенің 2500 тонна құбыры шығарылды, бұл - жобалық қуаттың 71 пайызы.
«Арктур» ЖШС-ның экологиялық жобасы Орал қаласының сыртындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында үйілген үйіндіні 3-4 есеге азайтпақ. ЖШС қазірдің өзінде пайданылған мотор майын өңдеп, таза май жасауда. Жалпы, Қазақстанда барлық қалдықтың тек үш пайызы өңделсе, Еуроодақ пен Тынық мұхиты бассейні елдерінде бұл көрсеткіш 75 пайызға жетеді. Сондықтан «Арктурдың» жобасы аса маңызды. Жоба жылына 800 тонналық май негізін, 720 тонна пеш отынын өндіре алады. Полигондағы шағын зауытта 12 адам жұмыс жасайды. Ресейлік құрал-жабдық орнатылған. Осы кезге дейін 20 тонна май негізі, 50 тоннадай сұйық отын, 20 тонна металл қалдығы алынған.
Бөрлі ауданында «Hpremium Foods» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен «Шұжық өндірісі цехы» іске қосылды. Қажетті құрал-жабдық алыс және жақын шетелден әкелініп, орнатылды. Оның қуаты жылына 240 тонна өнім өндіруге жетеді. Бүгінде өнімдері облыс тұтынушыларына жөнелтілуде.
«Профиль» ЖШС алкогольсыз сусындар өндірісі үшін бұрынғы цехты қайта жабдықтады. Құны 50 млн. теңге тұратын жобаның қуаты жылына 3800 тонна сусын шығаруға жарайды. Жоба өткен жылғы қыркүйекте іске қосылып, 15 жұмыс орны ашылды.
«Тәуекел» ЖШС металлсайдинг, профиль, металл жабындары өндірісін ұйымдастыруда. Жобаның құны - 100 млн. теңге. Жабдықтар түгелімен жеткізіліп, орнатылып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда сегіз жұмыс орны болмақ.
«Көмірсутегі шикізатын тазалау және тереңдете тұрақтандыру» жобасын «ҚПО б.в.» компаниясы жүзеге асыруда. Бұл жоба Қарашығанақ өңдеу кешені нысандарының қуатын арттыруға бағытталған. Жобалық құны - 155,4 млрд. теңге, қуаты жылына 2,57 млн. тонна конденсат өндіруге жетеді. Бүгінде қосалқы электр стансасы салынған. Сумен қамту жүйесі бойынша шаруалар жасалды. Бұл жоба өткен жылғы 9 желтоқсанда тікелей телекөпір арқылы Елбасына таныстырылды.