БҚО-да 32 мыңға жуық «Нұр Отан» ХДП мүшесі бар немесе әр он сегізінші тұрғын партия қатарында

ОРАЛ. 16 қараша. ҚазАқпарат - Теректі ауданында «Нұр Отан» ХДП партиясы аудандық филиалының ХІ конференциясы өткізілді.
None
None

Онда аудандық партия филиалы саяси кеңесінің есептік кезеңдегі жұмысы қорытындыланып, мемлекеттік 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы және «Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстан - 2017. Ұлттық іс-қимыл жоспары» тұғырнамасы бойынша атқарылған жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ конференция барысында саяси кеңестің және есеп беру-бақылау комиссиясының жаңа құрамы мен ХІІ облыстық партия филиалының конференциясына қатысушы делегаттар сайланды.

Конференцияда аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Вячеслав Мұқашев 2011-2012 жылдың қорытындылары туралы баяндады.

-Ауданымызда «Нұр Отан» ХДП-ның 23 бастауыш ұйымы бар. Бүгінгі таңда ауданымыздағы 2035 адам партия мүшелігінде. Есепті мерзімде 369 адам партияға қабылданды. Осы уақыт аралығында Ақжайық, Ақсоғым, Шағатай, Аңқаты, Федоров, Подстепный ауылдық округтарындағы бастауыш партия ұйымдары партия қатарын көбейтуге көп үлес қосқанын айтып өту керек. Дегенмен, Көнеккеткен, Богданов бастауыш партия ұйымдары партия жұмысымен мүлде айналыспағанын да атап өткен жөн. Біздің мақсатымыз - партия қатарын белсенділер қатарымен толықтырып, партия жұмысын нығайта түсу, - деді Вячеслав Уфаұлы.

Орал қалалық мәслихатының хатшысы, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының мүшесі Абат Шыныбеков Елбасы бастаған «Нұр Отан» ХДП-ның - еліміздегі көшбасшы партияға айналғанын айта келіп, бірқатар жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды. Оның айтуынша, «Нұр Отан» - халық сеніміне ие болған еліміздегі ең үлкен саяси күш. Облыста партияның 31896 мүшесі бар. Яғни өңірдің әрбір он сегізінші тұрғыны партия қатарында. Партия «Қазақстан - 2017. Ұлттық іс-қимыл жоспары» тұғырнамасында бекітілген жоспарлы шаралардың уақтылы іске асуын бақылауда ұстап отыр. Партия жұмысындағы басым бағыттардың бірі  сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Осы  мақсатта есепті мерзімде қоғамдық маңызы зор шаралар өткізілді. Десек те, жемқорлар қатарында қайсыбір партия мүшелерінің бар екендігі көңіл қынжылтады. Өткен жылы және осы жылдың сегіз айы ішінде жемқорлыққа қатысты құқық бұзғаны үшін 15 адам партия қатарынан шығарылды. Ендігі кезекте қарауындағы қызметкерлердің құқықбұзушылықтары үшін басшылар да жауапқа тартылмақ.

Конференция жұмысын аудан әкімі, аудандық филиалдың төрағасы Арман Өтеғұлов қорытындылады. «Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы қойып отырған тапсырмалар мен маңызды міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға тиіспіз. Әрбір партия мүшесі партия жарғысында айтылған талаптарға сай болып, партия бағдарламасын жүргізуге атсалысуы керек. Биылғы жылдың өзінде қол жеткен табыстарымыз аз емес. Саяси ахуалымыз бірқалыпты. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында көптеген азаматтар өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды. Бірақатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.  Қазіргі біздің жеткен жетістіктеріміздің барлығында партиялық ұйымның зор үлесі бар деп толық сеніммен айта аламын», - деді ол. 

Осындай конференциялар басқа да аудандарда ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар