БҚО-да 5 мың тоннаға дейін ірі қара етін экспорттауға мүмкіндік бар
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің сөзіне қарағанда, өңірде 415 мың ірі қара малы бар және бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру межеден шығуға мүмкіндік береді. Соған орай 12,5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдарын іске қосып, 200 фермерлік, 5 асыл тұқымды жасақтаушы шаруашылық құрып, 5,3 мың бас шетелдік селекциялық мал әкелінбек. Соңғы жылдары Зеленов, Жәнібек аудандарында 2 мал бордақылау алаңы салынды. Қазіргі уақытта құрылысы 2015 жылы жалғасатын 5 мал бордақылау алаңының құрылысы қолға алынды. Биыл аналық тұқымдық малды «ҚазАгро» холдингтің еншілес компаниясы арқылы сатып алу мәселесі шешілуде. Бұдан өзге 5 ауданға қосымша тұқымдық мал алу жайы қарастырылып отыр. Бүгінде облыс шаруашылықтарына жоғары өнімді етті бағыттағы 700 мал сатып алынған. Олардың басым бөлігі қазақтың ақ бас тұқымынан.
«Кроун Батыс» ЖШС бордақылау кешенін толық қуаттылығына шығару мақсатында үкімет тарапынан мал шаруашылығындағы субсидиялаудың жаңа бағытын, яғни тауар өндірушілердің 6-18 айлық бұқашықтарды бірінші деңгейіндегі бордақылау алаңдарына өткізгені үшін 15 мың теңгеден субсидиялау бағдарламасы арқылы кешенді малмен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. «Кроун Батыс» ЖШС бордақылау алаңы бұқашықтарды 1 келі тірілей салмақта 370 теңгеден қабылдауда. Бүгінде онда 1465 мал бордақылануда. Жыл басынан бері кәсіпорын 90 тонна сиыр етін өндіріп, соның 74,0 тоннасын немесе 82,0 пайызын Ресей Федерациясына экспортқа шығарды.
Өткен жылы Жәнібек ауданының «Әлем» ШҚ 146 тонна ет өндіріп, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен ішкі нарыққа шығарды. Биылдың өзінде мұнда 200 ірі қара малы бордақыланып, етке өткізілді. Қазір 150 ірі қара малы бордақылануда. Алдағы уақытта «Әлем» ШҚ мал бордақылау аланының жанынан ауысымына 15 тонна тоңазытылған ет өндіретін үлгі жобадағы мал сою цехының құрылысы жоспарлануда. Ол Казталов, Жәнібек, Бөкейордасы аудандарының малын аталған кешенде сойып, еттің 50 пайызын экспортқа бағыттауға мүмкіндік беретін болады.
«ҚазАгроӨнім» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Анас Баққожаевтың айтуынша, өңірдің ет экспортын дамытуға әлеуеті жеткілікті. Комиссия аудандардағы 12 шаруашылықты аралап, етті мал өсіру бағытындағы және мал бордақылау алаңдарының жұмыстарымен танысқан. Бағдарламалардың операторы «ҚазАгроӨнім» компаниясы болып табылатындықтан, облыстағы бірінші санатты мал бордақылау алаңдарын етті малмен толтыру, асыл мал сатып алу жұмыстарын осы еншілес компания атқарады. Мал бордақылау алаңдарын малмен толтыру тетіктері жайында әңгімеленді. Басқосуда шаруашылық өкілдері бордақылау алаңына етті мал сатып алу бағасын өсіруді сұрады. Олардың пікірінше, «Кроун Батыс» мал бордақылау алаңына өткізілген малға есеп айырысуда жайбасарлық басым. Жиында көтерілген кейбір мәселелер «ҚазАгроӨнім» тарапынан қаралып, нақты шешілетін болады. «Кроун Батыс» мал бордақылау алаңына жас мал қабылданатыны, одан өзге кәрі малды қабылдап, ішкі нарыққа шығаруға болатыны да сөз болды. «Кроун Батыстың» бордақылау алаңы инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында барлық мүлкі лизингтік несиеге кепілге салынған. Енді жекелер мен шаруашылықтардан өзге малды сатып алып, бордақылауға қаржы тапшы әрі банктерден несие алуға кепілзаты жоқ. «ҚазАгроӨнім» компаниясы бұл мәселені де көп ұзатпай шешіп бермек.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов қорытындылап, аудандардың басшыларына ет экспортын дамыту бойынша жұмыстануды тапсырды. Мемлекет өз тарапынан қаржылай қолдау көмегін ұсынып отыр. Биыл облыс Ресейге шамамен 1800 тонна етті экспорттауы керек.