БҚО-да 5270 аңшы заңды түрде тіркелген

Қыркүйек айының басынан қарашаның соңына дейін созылатын биылғы күзгі маусым кезінде аңшылар үшін дала жануарларынан елік, қабан, борсық, құстардан шіл, үйрек, қаз олжалауға рұқсат етіледі. БҚО орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім бастығы Хайролла Кенжеғариевтің сөзіне қарағанда, өңірде жалпы жер аумағы 15 млн. гектар болса, соның 12 млн. гектарын жабайы жануарлар жайлап, өсімдіктер алып жатыр. Бүгінде соның 4 млн. га жеріне иелік ететін 32 аңшылық шаруашылық тіркелген. «Родник» фирмасы» ЖШС, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Квант» ЖШС секілді ірі мекеме-кәсіпорындар жанынан құрылған бұл шаруашылықтар өз қаражаттары есебінен жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау бағытындағы жұмыстармен айналысады. Облыста тіркелген 5270 аңшының дені - қалалықтар. Аңшы билетін иеленуге 14 жастан, мылтық ұстауға 18 жастан бастап рұқсат етіледі. Аңшылықтың күзгі, қысқы және көктемгі маусымдары бар. Күз бен көктемде негізінен құстарды аулауға рұқсат етіледі. Көктем кезінде жыл құстарының келуіне байланысты аңшылық екі аптаға ғана созылуы мүмкін. Ал қысқы маусым 1 қарашадан 15 ақпанға дейін созылып, тұяқты және терісі бағалы аңдарды аулауға рұқсат етіледі. Кейбір аңдардың көбеюіне байланысты жағдай өзгеше болуы ықтимал. Мәселен, жабайы шошқаны 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, ал еліктерді 1 тамызыдан 31 желтоқсанға дейін аулауға болады. Бір жабайы шошқа заңсыз ауланған жағдайда әкімшілік айыппұл салынса, одан көп болған жағдайда қылмыстық іс қозғалып, заң бұзушы екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал бір киікті атқаны үшін 400 мың теңге көлемінде айыппұл төленеді. Одан көп болған жағдайда заң қатаяды.