11:42, 19 Сәуір 2013 | GMT +5
БҚО-да алаяқтықпен сотталған әйел балабақшаға қызметке алынған
ОРАЛ. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Шыңғырлау ауданы прокуратурасына қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамның заңсыз қызметке орналасқаны жөнінде хабар түседі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, тексеріс барысында «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Г.Тұрланованың 2012 жылғы 29 маусымдағы бұйрығымен Э.Көбекованың тәрбиеші көмекшісі ретінде қызметке алынғаны анықталды. Шыңғырлау аудандық сотының 2010 жылғы 15 маусымдағы үкімімен Көбекова ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлімі «б» тармағына сәйкес (алаяқтық) мүлкін тәркілеумен 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуге тиіс еді. Бірақ жазасын өтеу баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды.
Прокурордың наразылығына сәйкес Э.Көбекова қызметінен босатылды.