БҚО-да ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесін өткізу игі дәстүрге айналды

Өткен сенбі күні Қазталов ауданы орталығында осындай жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге жиналған тұрғындар алдында сөз алған аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринарлық бөлімінің бастығы Махамбет Абулхатин ауданның ауыл шаруашылығында үлкен шаруалардың атқарылғанын айта келіп, қоян жылының қыс айларына әрбір тұрғынның мұқият әзірлікпен бару қажеттігін жеткізді.
Жәрмеңкеде ауылдық округтерден келген шаруа қожалықтары арзан бағамен шөп сатып, сонымен қатар бау-бақша өнімдері де халыққа ұсынылды.
Шаруа қожалықтарының басшылары Айдынбек Абитов, Ақылбек Шакелеков, Нұрлан Малаев, Хамза Аюпов, Жұмабек Хайруллин, Дина Хамзина, Жасқайрат Бақтияров, Оразтай Шайхиевтер құнарлы табиғи шөппен бірге қой малын да сатты. Ал Еркін Насыров, Мұлхайдар Жұмағалиев, Марат Баянғалиев, Өмірбек Тұралиевтер тұрғындарды арзан бау-бақша өнімдерімен риза қылып тастаса, А.Қабдолов семіз қой етін келісі 700 теңгеден /базарда ет - 1000 теңгеден/ сатып, «қызылсырап» жүргендерді бір қарқ қылды.
Сондай-ақ арзан бағамен жем де сатылып, Исатай Әбілхатиннің «Жаңа-Тұрмыс» кооперативі қапталған жемді 1200 теңгеге сатуды ұйымдастырса, көрші Тасқала ауданынан келген жем де арзан бағамен ұсынылды.