БҚО-да ауыл шаруашылығын түгендеу жұмыстары жүргізілуде

ОРАЛ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын түгендеу жұмыстары жүргізілуде.
None
None

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясы бастығының орынбасары Салауат Нұрғалиевтің айтуынша, облыстағы 15 млн. гектар жердің 150 мың жер пайдаланушысы, яғни иесі бар. Сол 150 мың адамның жер заңнамаларын қалай сақтап жатқанын алты инспектор бақылайды. Сонда бір инспектордың үлесіне 2,5 млн. гектар жер мен 25 мың жер пайдаланушыдан келеді.

Жергілікті атқарушы биліктердің өз өкілеттіктеріне кірмейтін әрекеттеріне қатысты олардың шешімдерінің күшін жою немесе оны өзгерту жөнінде берген нұсқамалар жетіп артылады. Инспекцияның мемлекеттік инспекторлары Ақжайық ауданының Алмалы, Ақжол, Бударин, Бөрлі ауданының Кеңтүбек, Қызылтал, Бумакөл, Зеленов ауданының Краснов, Мичурин, Трекин, Теректі ауданының Подстепный ауылдық округ әкімдерінің жеке және заңды тұлғаларға жер беру туралы қабылдаған шешімдерінің және БҚО жер қатынастары басқармасындағы жерге орналастыру жобаларының заңдылығына жоспарлы тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде 24 шешімге өзгеріс енгізу, үш шешімнің күшін жою жөнінде инспекция тарапынан нұсқамалар берілді. Қазіргі уақытта олар орындалып, заңбұзушылық жойылды.

Жер телімдерін беру туралы ауылдық округ әкімдеріне келіп түскен өтініш-арыздардың қаралу мерзімдерінің сақталмауына байланысты Кеңтүбек, Қызылтал, Мичурин және Подстепный ауылдық округтерінің әкімдеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 256-бабына сәйкес әкімшілік жаза белгіленіп, айыппұл салынды.

Өткен 2010 жылы жерді өз мақсатында пайдаланбауға байланысты ол жерлерді қайтарып алу жөнінде инспекция тарапынан екі талап-арыз сотқа жолданды. Қазіргі уақытта жалпы аумағы 0,3400 га жеке тұрғын үй құрылысы мен қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі сот шешімі шықты. Ал үш жеке тұлға инспекцияның нұсқамасынан кейін тұрғын үй құрылысына кірісіп кетті. Биылғы жылы жоспардан тыс тексеру жүргізіп, өз мақсатына пайдаланылмай жатқан жалпы аумағы 2,3921 га жердің 18 иесіне жазбаша нұсқама берілді. Одан қорытынды шығарылмаса, жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Мысалы, Сырым ауданындағы «Атамұра», «Гауһар» шаруа қожалықтары өздерінің иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерлерді мақсатты пайдаланбағаны үшін инспекция оларға жазбаша ескерту жасады. Арада бір жыл өткенде, ескертуден ешқандай қорытынды шығарылмады. Нәтижесінде екі қожалықтың тиісінше 447,0 және 1000,0 гектар жерлері сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды.

Үстіміздегі жылдың қаңтарында Елбасымыз пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу туралы тапсырма бергені белгілі. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар облыста өткен жылдан бастап жүргізілген еді. Өңіраралық инспекция Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Зеленов, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласы аумағында орналасқан 154 шаруа қожалығы мен ауыл шаруашылығы бағытындағы басқа да субъектілердің қарауындағы 656,0 мың га жер телімдеріне тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар алынды. Енді Елбасының арнайы берілген тапсырмасынан кейін бұл бағыттағы жұмыстар бұрынғыдан да қарқынды жүрді. Көп жұмыс атқарылып, өз межесіне жетті. Оның қорытындысында жалпы аумағы 359,9 мың гектарды ( 127,3 мың гектары егістік) қамтитын 508 жер телімі анықталды. Осылардың 194,4 мың гектары иесіз мүлік ретінде есепке алынды, жер телімін жалдау шартын бұзған 145,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар