БҚО-да ауыл тұрғындары әкімдікке кандидаттарды талқыға салуда

ОРАЛ. 12 шілде. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қала, аудан әкімдері тамыз айында өтетін ауыл әкімдерін сайлауға байланысты жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесулер өткізуде.
None
None

Круглоозерный кенті мен Желаев ауылдық округінде өткен кеңеске Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, олардың әрқайсысында ауыл әкімі лауазымына үш кандидаттан ұсынылды. Сол бойынша жергілікті тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бүгін қала әкімі Зачаган кентінде қоғамдастық өкілдерімен кездеседі.

Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр осы мәселемен Болашақ, Қайыңды, Ақпәтер, Талдықұдық, Талдыапан, Қараөзен ауылдық округтерінде болса, Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов Раздольный, Чиров, Сұлукөл, Чеботарев сынды ауылдарда қоғамдастық өкілдерімен пікірлесті. Шыңғырлау ауданының әкімі Алдияр Халелов Алмаз, Лубен, Қарағаш, Ақбұлақ, Белогор, Полтава округтерінде тұрғындармен жүздессе, Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров Егіндікөл, Қоскөл, Жусандыой округтерінен бастады. Теректі ауданының әкімі Жеңіс Серікқалиев Покатилов, Долинный, Приречный, Богданов, Федоров ауылдарында қоғамдастық өкілдерімен кездесті.

Барлық жерде дерлік бұрынғы ауыл әкімдеріне қоса жаңа үміткерлер ұсынылуда. Үміткерлер жөнінде ауыл тұрғындары өз пікірлерін ашық білдіріп, сонымен қатар өз ұсыныстарын айтуда. Ауыл әкімдерін сайлау үрдісін қолдап отырған тұрғындар осыған орай өз елді мекендерінің өзекті мәселелерінің шешілетініне сенімді.

Батыс Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау шағын аудандарда 7 тамыз, ірі аудандар мен қала аумағында 9 тамыз күндері өтеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум