БҚО-да білімге бөлінген қаржы әр оқушыға 232,9 мың теңгеден келеді - Н.Ноғаев

ОРАЛ. 3 наурыз. ҚазАқпарат - 2011 жылғы облыстың білім бюджеті 32 млрд. 426 млн. теңгені құрады. Білімге бөлінген қаржы әр оқушыға 232,9 мың теңгеден келеді.
None
None

Бұл - республикалық орташа деңгейден жоғары. Мұны 3 наурыз күні тұрғындармен есептік кездесуін өткізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

Облыста өткен жылы жалпы сыйымдылығы 530 орындық 2 орта мектеп (Зеленов ауданы Асан ауылында және Тасқалада), 1 музыка мектебі (Жымпитыда) және жалпы 940 орындық 3 балабақша (Оралда) салынды. Сонымен қатар биыл тағы 7 мектеп және 3 балабақша  құрылысы аяқталады.

Өңірде 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Қазір  мектепке дейінгі 463 мекеме жұмыс істейді. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту облыс бойынша 83,9 пайыздан 94 пайызға өсті, бұл   - республика бойынша бірінші орын.

«Облыста мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда балабақшаға деген орын тапшылығын жою мақсатында жаңа балабақша құрылысын салу, бұрынғы бос тұрған балабақшаларды күрделі жөндеу арқылы қалпына келтіру, мектептердегі бос орындарды тиімді пайдалану арқылы шағын орталықтар ашу жұмыстары жоспарлы іске асырылуда. Балабақша мәселесін толық шешу үшін облысқа әлі үлгі жобадағы 45 балабақша қажет. Бұл ретте кәсіпкерлер жеке балабақша салса, үлкен үлес қосар еді. Егер жұмысты тиімді ұйымдастыра білсе, балабақша кәсіпкер үшін табыс көзіне айналмақ. Мәселен, мемлекет әр балаға айына 10 мың теңгенің үстінде қаржы береді. Онымен қоса, балабақша иесінің өзі тағайындайтын қызмет ақысы және бар», - деді  облыс әкімі.

Осыдан біраз уақыт бұрын үш ауысымдық мектеп мәселесі көп көтерілді. Мәселен, 5 жыл бұрын облыста осындай 7 мектеп болды. Бүгінгі күні екеуі қалып отыр - Орал қаласында және Жәнібектің Қамыстысында. Біріншісінің мәселесі биыл, екіншісінікі келер жылы шешіледі. Сөйтіп, үш ауысымдық мектеп толығымен күн тәртібінен түсетін болады.

Оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту 2007 жылы 42,9 пайыз болса, қазір 83,3 пайызды құрап отыр. Ал орташа республикалық көрсеткіш - 33,7 пайыз.

Н.Ноғаев атап көрсеткендей, ұлттық бірыңғай тестілеуден облыс түлектерінің орташа балы 87,48 балды құрады - бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Оқушылардың біріншіден, сапалы білім мен тәрбие алуын, екіншіден, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар алу жалғасын табуы тиіс.

Бірінші - сапалы білім: мектеп асханаларын, спорт залдарын арнайы құралдармен жабдықтау, физика, химия, биология кабинеттерін мультимедиялық кабинеттермен қамтамасыз ету, кеңжолақты интернет жүргізу; 

Екінші - оқушылардың қауіпсіздігі: медициналық кабинеттерді талапқа сай жабдықтау, мектептердің қауіпсіздігін күшейту, өртке қарсы шараларды алу.

«Электрондық мектеп жүйесін қалыптастыру бағытында Орал қаласындағы мектептерде былтыр бірқатар жұмыстар жүргізілді. Мәселен, электрондық күнделік, электрондық журналдар іске қосылған. Астана қаласының мектептеріне жүргізіліп жатқан электрондық бақылау тәжірибесін зерттеу. Мәселен, ата-ананың ұялы телефонына баласының мектепке қашан келіп, қашан кеткені жөнінде sms келіп отырады. Осы сияқты оқушының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет», деді әкім.

Соңғы жаңалықтар