БҚО-да биыл 2 орман, 12 дала өрті орын алды
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынған мәліметке қарағанда, 2010 жылы облыста 37 өрт ошағы болса, оның 23-і орманда, 14-і далада шықты. 2011 жылы шыққан 9 өрттің бәрі де дала өртіне жатады.
2010 жылы болған 949 табиғи жану оқиғаларынан 17084,0 га жерді от шалса, 2011 жылы болған 282 оқиғаның салдарынан 33082,6 га алқап өртке кетті. 2012 жылдың тоғыз айында тілсіз жау жалмаған жер көлемі 72036,3 га (694 оқиға) болды.
Табиғи өрттерді сөндіру үшін шаруашылық жүргізу негізіндегі 624 құрылым, ауылдық жерде 256 құрылым жұмыс істейді. Бұларда барлығы 2636 адам, 467 техника бар. Бұдан бөлек 790 адамдық жеке құрам мен 72 арнайы өрт сөндіргіш техника төтенше жағдайлардың бетін қайтаруға әзір тұр.
БҚО жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей зілзаланың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы облыста болуы мүмкін төтенше жағдайлардың зардабын жою, соның ішінде өрт сөндіру үшін жанар-жағармай алуға 16 млн. 948 мың теңге қаржы бөлді. Облыста осы мақсатқа пайдалануға 500 дана қол өртсөндіргіші, 40 мотосорғыш әзірленген.
Орал қаласы әкімінің қаулысымен облыс орталығындағы 6 коммуналдық кәсіпорын мен қала маңындағы 4 кенттік округте өрт сөндіруші азаматтық қорғаныс тобы құрылды. Шалғай ауылдардағы өрт сөндіруші бекеттердің ішінен Бөрлі ауданының Успен және Ақсу ауылдарындағы, Теректі ауданының Аңқаты ауылындағы құрылымдарды бөліп айтуға болады.
2012 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрінің арнайы қаулысымен Ми-17 тікұшағы Орал қаласына бекітіліп, өрт қаупі күшті кезеңде орман өрттерімен күресу үшін тәулік бойы кезекшілікте болды. Міне, осындай кешенді шаралардың нәтижесінде батысқазақстандықтар төтенше жағдайлардың алдын алып, «сақтансаң сақтаймын» деген тұжырымды берік ұстанып отыр.