БҚО-да «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес нақты жұмыстар атқарылды
«БҚО кәсіпкерлер қауымдастығы» ЗТБ-ның атқарушы директоры Миржан Сатқановтың айтуынша, кәсіпкерлерге бухгалтерлік және салық есебін жүргізу, есептілікті құрастыру, статистикалық есептілікті құрастыру және заңгерлік кеңестер беру қызметтері сынды бағыттағы екі лот бойынша жеңімпаз деп танылған аталмыш бірлестік ұжымы өз мойнына алған міндеттерді толығымен және сапалы орындап шықты. Әсіресе, ауыл-аймақтағы кәсіпкерлермен көп жұмыстанған. Қауымдастық жобаны орындаушылармен бірге облыстың 1341 кәсіпкеріне қызмет көрсеткен. Соның ішінде 965 адам мұндай қызмет көмекті бірінші рет алды. №4 лот бойынша (заңгерлік қызметтер) 1096 кәсіпкерге кеңестер берілген. Сервистік қызметпен тек аудан орталықтары ғана емес, ауылдық округтер де қамтылған.
«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы облыста екінші жыл жүзеге асуда. Өткен жылы бағдарламаны орындауға 546 млн. теңге, биыл одан үш есе көп, 1,5 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Соның ішінде сервистік қызмет көрсету жұмыстарына 200 млн. теңге қаралды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, биыл шағын кәсіпкерліктің 2800 субъектісі сервистік қызметті пайдаланған.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Галина Гурьянованың мәлімдеуінше, «Бизнестің жол картасы -200» бағдарламасы әлеуметтік сипатқа ие. Өйткені жаңа жобалар жандануда, өндіріс орындары іске қосылуда, соған орай жаңа жұмыс орындары ашылуда. Алдағы 2012 жылға облысқа республикалық бюджеттен 755 млн. теңге бөлінген. Әзірге оның 200 млн. теңгесі сервистік қызмет көрсету жұмыстарына қаралған. Сондықтан облыстық мәслихат алдына бұл қаржы көлемін ұлғайту жөнінде мәселе қойылмақшы.