БҚО-да халықаралық театр күні «Троя арулары» сахналанды (ФОТО)

Белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымов қойған бұл спектакльдің ерекшелігі, мұнда көрермендер әдеттегідей залда емес, сахнада отырды. Сондықтан трагедияның жан түршігерлік көріністері олардың дәл алдында өтіп жатты. Трояны басып алған грек жауынгерлері ер азаматтарды құртып қана қоймай, әйелдерді де азапқа салады. Соның ішінде Троя патшайымы Гекуба (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева сомдады) да бар. Әйел біткенді қанға бөктіріп, бөліске салғандары өз алдына, Гектор батырдың жесірі Андромаханың (Нұрлыгүл Жұбатова) жалғыз ұлы Астианаксты қорған қабырғасынан лақтырып жіберуден де шіміркенбейді басқыншылар. Көріпкел Кассандра (Наргиза Шадыева) грек әскері көсемінің қолжаулығына айналса, Трояның құлауына себепкер Елена (Жұлдыз Мамедова) сахнаға жарқырап шыққанмен, оның да жазадан түбі құтылмайтыны анық. Рөлдерде сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір, мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов, театрдың басқа да белді әртістері ойнайды.
Спектакль идеясы сонау заманнан бері жалғасып келе жатқан соғыс біткеннің зардабын шынайы көрсету, соған лағнет айтып, одан сақтандыру болса керек. Дегенмен өлген сәбидің күлін шашу, әйелдерді тепкінің астына алып, ең соңында атып, тірі жатқандарын бауыздау сынды көріністер қабылдауға өте ауыр. Премьераны тамашалап, театр әртістеріне алғысын білдірген облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәлім еткеніндей, аталмыш туындының жазылғанына екі мың жарым жылдай уақыт өтсе де, өзектілігін әлі жойған жоқ, ол қырғын соғыстың қисапсыз қасіретін көз алдыңа әкеледі. Жесір қалған әйелдер, жетім балалар, қорланып, зорланған арулар, үзілген үміт, төгілген қан мен көз жасы, қирап, таланған туған жер - осының бәрін бейнелеу, әрине, өте ауыр, өте қиын. Көрермендер сахнада бірге отыратын мұндай қайғылы спектакль батысқазақстандық театрда бұрын-соңды қойылған емес.
Сондықтан мұны театр басшылығының жаңашылдығы деп бағалауға болады. Ең бастысы, әлемде орын алып жатқан түрлі қақтығыстардың бетін әрі қылсын. Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы жарқын болып, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың салтанат құра беруі үшін биік адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеп, көрерменнің санасын сілкіп, ой салатын театрлардың да дамып, алға басқаны керек. Бұдан бұрын Орал сахнасынан «Мәңгілік елдің Алтын адамы» жол тартса, театр репертуарына тағы бір сүбелі дүние қосылып отыр.