БҚО-да қалпына келтіру жұмыстары басталды
Облыс басшысы жағдайдың әлі күрделі екендігін атап өтті. Ақжайық ауданы Алғабас және Қарағай елді мекендеріне су келу жалғасуда. Табиғат апатымен күресте қосымша техника қажет.
Бейсенбі күні өңірге ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шүкеев бастаған үкіметтік комиссияның келуі күтіліп отырғаны мәлім етілді.
Төтенше жағдай жөніндегі облыстық комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов жексенбі күні облыс әкімі мен вице-министрдің Қазталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсын ұшақпен шолып келгендігін айтты. Мұнда жағалау бекітіліп, судың апатсыз өтуі үшін шаралар алынуда. Ақжайық ауданында малдың су қоршауында қалғаны анықталды. Мәселен, Бесоба ауылындағы 59 ірі қара, 44 қой, 13 жылқы мен бір түйеге тікұшақпен шөп жеткізілді.
Тасқын судан келген зардап пен тұрғын үйлер мен инженерлік коммуникацияларды қалпына келтіру үшін қажетті қаржы есептелуде. Мәселен, Зеленов пен Тасқала ауданында толық қираған 70 үйді қайта салу үшін 10,8 млрд. астам теңге керек.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықовтың айтуынша, ауыл шаруашылығына 124,9 млн. теңге зиян келген. Зеленов ауданында 1887 тонна тұқымдық дән, 1 тонна тұқымдық пияз, 50 мың түп өскін, астық сақтайтын қойма суға кеткен. Оралда жалпы аумағы 1 мың шаршы метр 4 жылыжай осындай күйге ұшырады. Облыста 82 ірі қара, 544 ұсақ мал, 64 шошқа өлген.
БҚО ІІД бастығы Арман Жалмұхамбетовтің мәлім еткеніндей, үш адам суға батқан. 11 сәуірде қолдан жасалған салмен жүземін деп кәмелетке толмаған бала қайтса, 12 сәуірде телеорталық маңындағы «Зенит» саяжай қоғамынан ер адамның, 17 сәуірде «Яблонька» саяжай қоғамынан тағы бір кісінің мүрдесі табылды.
Облыстық гидрометеоролиялық орталық директоры Қарагөз Елеуованың мәліметіне қарағанда, облыста күн салқындайды. Жауын-шашын болуы да ықтимал. Ресейлік әріптестерімен әңгіме кезінде Жайық бойындағы Ириклин су қоймасына мамыр айының ортасына дейін су толтырылатыны мәлім болған, яғни Жайық суы көтерілмейді.
Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов республикалық бюджеттен бөлінген 870 млн. теңгені пайдалана отырып, тұрғын үйлер мен инженерлік коммуникацияларды, әсіресе, жолдарды қалпына келтіру жұмыстарын тезірек бастау қажеттігін атап көрсетті.