БҚО-да көктемгі су тасқынына қарсы шаралар алынуда

Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Марс Отаровтың айтуынша, Жайық өзенінің Ресейдің аумағындағы бассейнінде қардың қоры қалыпты мөлшерден аз болғанымен, Сарыөзен мен Қараөзенге қатысты қар қоры екі есе жоғары. Деркөл мен Шаған өзені бойынша да қар қалыптағыдан көп. Облыстың оңтүстік батысында қар былтырғымен салыстырғанда екі-үш есе қалың болса, Орал өңірінің солтүстік және солтүстік-батыс бөлігінде қар жамылғысы қалыпты шамадан сәл ғана көптеу.
Облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, апаттардың алдын алу және олардың зардаптарын жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Кәрім Жақыпов биыл су тасқынына байланысты дайындықтың ерте қолға алынғанын айтты.
-Қазірдің өзінде 47 026 дана қапшық, 40 дана сусорғы, 6 дана электрстансасын дайындап қойдық. Жақында «Батыс Қазақстан гидрометеорология орталығы» ЕМК-мен келісімшартқа қол қойдық. Бұл келісімшарт бойынша аталмыш мекеме бізге облыс аумағында орналасқан 22 гидрологиялық бекеттен, сондай-ақ Ресейдің Орынбор және Саратов облысы аумағындағы трансшекаралық Жайық, Шаған, Қараөзен, Сарыөзендегі жағдайлар жөнінде жедел ақпарат алып беруі тиіс. Бұдан басқа қажет болған жағдайда (мұз тосқындары орын алған жағдайда) «Азимут энерджи сервисез» компаниясының төрт жарушылар бригадасы мен «Еуро Азия Эйр» компаниясының тікұшақтарын жұмысқа тартуды көздеудеміз. Сондай-ақ қатердің алдын алу үшін «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалымен бірігіп, Зеленов, Теректі және Қазталов аудандары аумағындағы табиғи су қоймаларының су деңгейін үнемі бақылаудамыз. Бұған қоса облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың ұйытқы болуымен осыдан екі-үш күн бұрын Қазталов ауданын қар құрсауынан құтқару үшін 17 «КАМАЗ» аутокөлігін, бульдозер, экскаватор, автогрейдер сықылды ауыр техникаларды да жөнелттік. Сын сағатта «Техстрой», «Азиятехсервис», «Тоби», «Юнисерв» ЖШС-лары, сондай-ақ «Оралтранс», «Құрылысгаз», «Қазақавтожол» мекемелері мен «Бекесов» жеке кәсіпкерлігі өз техникаларын бөліп, қолұшын беруде, - деді К.Жақыпов.
Су тасқынының алдын алу, қар тазарту жұмыстары қалада, басқа аудандарда да жүргізілуде.