БҚО-да құны 2,2 млрд. теңге тұратын тері өңдейтін кәсіпорын іске қосылмақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «ПОШ-Руно» ЖШС құны 2,2 млрд. теңге тұратын тері өңдейтін кәсіпорынды жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда, зауыт жылына 182 мың дана ірі қара және 624 мың дана ұсақ малдың терісін өңдей алады. Бұған дейін өңірде мал терісін өңдеу ісі қолға алынбаған болатын.

Өңір басшысының айтуынша, облыста ауыл шаруашылығы саласында заманауи технологияға негізделген, әлемдік талаптарға сай келетін осындай қайта өңдеу кәсіпорындарын көбейту көзделуде. Айталық, өңірге жыл сайын 10 мың тонна құс еті импортталады. Осы мәселені шешу бағытында «Жайық құс» ЖШС құс фабрикасын салып, алдағы жылы пайдалануға бермекші. Сонда облыс тұрғындарының құс етіне қажеттілігі өтелетін болады. Сонымен қатар әлемге әйгілі франциялық «Лакталис» компаниясының құрылтайшылығымен жылына 40 мың тонна жоғары сапалы түрлі сүт өнімдерін шығаратын зауыт салу ойластырылуда. Бұл өндіріс орнының құрылысы алдағы жылы басталып, 2018 жылы мәреге жетпек.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университет аумағында құны 3,7 млрд. теңгеге бағаланған, тауарлы бекіре еті мен қара уылдырық өндіретін кешен жыл аяғына дейін іске қосылмақшы.

«Облыс тұрғындарын өңірде өндірілген көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы талаптарға сай келетін қоймалар салу да қажет. Қазіргі таңда қоймалардың сыйымдылығы 35 мың тонна болса, соны 60 мың тоннаға жеткізу қарастырылуда. Осыған орай ірі жылыжай кешендерін салу қажеттілігі туындайды. Мұның бәрі Елбасымыз берген тапсырмаларға сәйкес атқарылуда», - деді Алтай Көлгінов.

Соңғы жаңалықтар