БҚО-да мемлекеттік бағдарламалар уақтылы орындалуда - ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы
Қ.Отаров 17 қазан күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге алдымен «Оралагрореммаш» АҚ-ға ат басын тіреді. Кәсіпорын басшысы Ғимран Бисеновтің айтуынша, мұнда бүгінгі таңда сан салалы өндіріс жолға қойылған. «КамАЗ», «Маз», «Газ» автокөліктерінің базасында өрт сөндіру, апаттық құтқару, коммуналдық салаға қажетті көліктер құрастырылып жатыр. Екі тоннаға дейін жүк көтеруге қабілетті көтергіші бар апаттық құтқару көлігін құрастыру барысымен танысқан қонақтар одан әрі ыстықтай мырыштау цехына келді. Уақыттың тезіне тозбайтын, шірімейтін қоқыс жәшіктері, балалар алаңдары құрастырмалары және басқа да темір атаулы бұл цехтан мырышталып шығады. «Мұндай ыстық мырыштау өндірісі күллі Батыс Қазақстан өңірінде жалғыз бізде ғана», - деп айрықша атап өтті Ғимран Бисенов.
Зауыт жұмысшыларымен болған кездесуде Қадырхан Махмутұлы Елбасы Жолдауын ақпараттық-насихаттау тобы мүшелерінің биылғы көктемде Батыс Қазақстан облысына келіп, еңбек ұжымдарымен кездескендігін әңгімелеп берді. «Көктемде Жолдаудың басты бағыттарын түсіндірдік. Енді сол маңызды құжатта белгіленген тапсырмалардың өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығын көруге келдік. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысына 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл облыста 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл - жақсы көрсеткіш. Елбасының қолдауымен қабылданған «Қолжетімді баспана - 2020», «Саламатты Қазақстан - 2020» бағдарламаларының да жүзеге асырылу қарқыны көңіл қуантты. Әлемдегі қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстан алдағы жылы да әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыны кемітпейді, қайта ұлғайтуды көздеуде», - деді Қадырхан Отаров.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Оралагрореммаш» кәсіпорны ұжымының береке-бірлігі бір жағынан басшыға да байланысты екендігін атап өтіп, тапсырыс қай жақтан келеді деп қарап отырмай, өздері де қозғалуы қажеттігін шегелеп тапсырды. «Ұжым ынтымақты, жасы да, ересегі де бар. Жұмыста оң нәтиже көрініп тұр. Енді бағасы қолжетімді, сапасы жоғары өнім шығару керек. Сонда алушы табылады, тапсырыс түседі», - деді облыс басшысы.
Топ мүшелері бұдан әрі Желаев астық өнімдері комбинатының тыныс-тіршілігімен танысты. Комбинат директоры Андрей Борсаның айтуынша, мұндағы жұмысшылардың орташа айлық жалақысы - 58 мың теңге. Бес жүзден астам қызметкер еңбек етеді. Жалақы қарызы жоқ. Қайта сыйақы төленуде. Қадырхан Махмутұлы жұмысшылар алдында келген сапарының мақсатын әңгімелеп берді. Содан кейін макарон өнімдерін шығаратын қос фабриканы аралаған қонақтар іс барысын көрді, зертханада болды.
-Елбасы Жолдауы - аса маңызды құжат. Көңілге қуаныш ұялатқаны Батыс Қазақстан облысында Жолдаудың басым бағыттарына сай жақсы жұмыс бар екен. Бағдарламалар уақтылы және сапалы орындалуда. Бұған еңбек ұжымдарымен кездесуім барысында көзім жетті, - деді Қадырхан Отаров.