БҚО-да мемлекеттік нышандар стандарттарға сай келмейтін мекемелер бар - мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның отырысы

ОРАЛ. 3 тамыз. ҚазАқпарат -  Әлемдегі өркениетті елдерде мемлекеттік нышандарға деген құрмет ерекше қалыптасқан. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асқан біздің елімізде де мемлекеттік рәміздерге зор құрметпен қарауға мән беріліп келеді.
None
None

Қазақстанның әрбір азаматы Көк байрағымызды, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды ерекше қадір тұтуы шарт. Осыған орай облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен жүргізді.

Осы жиында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық Заңының орындалу барысы мен мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану жұмыстары туралы Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Гүлнәз Құлжанованың хабарламасы тыңдалды.

Ауданда мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оларды заңға сәйкес қолданылуына бақылауды қамтамасыз етуде нақты жұмыстар жүргізілуде екендігі айтылды. Барлық мектептер мен кітапханаларда мемлекеттік рәміздерге арналған бұрыштар жасақталып, әртүрлі шаралар өткізіліп тұрады. Әсіресе, мемлекеттік мейрамдарда өткізілетін шараларда рәміздер міндетті түрде пайдаланылады. Барлық ауылдық округтерде, мемлекеттік органдарда мемлекеттік рәміздерді айшықты насихаттайтын көрнекі құралдар орнатылған.

Алайда бұл жұмыстың әлі де болса кемшін жақтары бар екені сөз болды. Аудандағы кейбір мекемелердегі мемлекеттік рәміздер бекітілген стандарттарға сай келмейді, олардың орналасу тәртібі орындалмайды.

Комиссия мүшелері мемлекеттік рәміздердің стандарттық талаптарын сақтауға аса жауапкершілікпен қарау керектігін және алдағы уақытта арнайы лицензиясы (рұқсаты) бар мемлекеттік рәміздерді жасайтын мекемеге мемлекеттік сатып алу ережесіне сәйкес тапсырыс беруді қолға алу қажет деген ұсыныстарын айтты.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен Зеленов ауданы әкімдігіне орын алған кемшіліктерді бір ай мерзім ішінде жою жөнінде тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар