БҚО-да мемлекеттік сатып алудан сүрінген тағы бір ауыл әкіміне қауіп төнді
Алдымен БҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының ұсынысы негізінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Миржан Сатқанов пен бас маман Мағалым Отаубаевтың ісі талқыға түсті. Оларға қаржылық міндеттемелерін орындамаған жер қойнауын пайдаланушыларға тиісті шара қолданбаған, соның салдарынан заңсыз артықшылық көрсетілген деген сипаттағы заңбұзушылықтар таңылғанымен, аталған қызметкерлер бұған өз пайым-дәлелдерін келтірді. Тәртіптік кеңес талқылай келе, олардың жұмысында салғырттық орын алған деп тауып, бұған дейін берілген сөгіс түріндегі тәртіптік шараның күшін жойып, Ар-намыс кодексіне сәйкес қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беруді ұсынды.
Прокуратура өкілдері тарапынан мемлекеттік қызметкерлер жұмысын тексерген кезде кейде мәселенің байыбына жете бармай, атүсті қарау кездесіп жатады. Осындай себеппен Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Рахымжановқа қатысты іс қысқартылса, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Марат Молдашевтің іс-әрекетінде заңбұзушылықтың бар екені толық анықталған жағдайда қайта қаралатын болып шешілді.
Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округінің әкімі Амантай Сәндібеков пен жетекші маманы Ақмарал Айбатырова «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарын сақтамағандықтан, сүрінді. Атап айтқанда, сатып алу қорытындысына сәйкес жеңімпаз болып танылған жеке кәсіпкер Қ.Жәкиев кейін сылтау айтып, қызмет көрсетуден бас тартқан. Сондықтан аталған қызметкерлер бұл жеке кәсіпкерлікті мемлекетті сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа беруі тиіс еді. Алайда олай жасалмаған. Қызметіне тосқауыл қойылмағандықтан, жеке кәсіпкер көршілес Сырым ауданында да дәл осындай қадамға барып, тағы бір мемлекеттік қызметкердің жұмыстан кетуіне себепші болды. Тәртіптік кеңес «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңның 12-бабы 1-тармағы 4 және 5-тармақшасын бұзғаны үшін А.Сәндібековті қызметінен босату, ал А.Айбатыроваға Ар-намыс кодексіне сәйкес қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру туралы ұсыныс жасады.
Прокуратура анықтағанындай, Орал қалалық әкімдігі мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Төлеген Шаиков өзіне жүгінген тұлғаларға құжаттарын кері қайтарып, олардың заңды мүдделерін жүзеге асыруына кедергі жасаған. Сонымен қатар меншігіндегі мүлікті сеніп тапсыруға уақтылы беріп, кәсіпкерлік қызметін тоқтатпаған, оған қоса жұмыс мезгілінде өзге тұлғалардың өкілі ретінде сот мәжілістеріне қатысқан. Бұл қызметкер де «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңның 10-бабы 1, 5, 6-тармақшасы, 12-бабы 1-тармағы 8 және 12-тармақшасына сәйкес тиісті тәртіптік жазаға тартылатын болады.
Орал қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде прокуратура тексерген мезгілде 138 арыз-шағымға жауап берілмеген, сондай-ақ 155-іне жауап берудің мерзімі бұзылған. Осыған байланысты бөлім бастығы Асқар Хұсайынов пен бас маман Наталья Семенцоваға «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңның 12-бабы 1-тармағы 10-тармақшасына сәйкес тәртіптік жаза берілетін болады.