БҚО-да мүгедек балалардың құқығын бұзған 68 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Тексерістер нәтижесінде тиісті мекемелерде мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығы жиі бұзылатыны анықталды. Бұл туралы БҚО прокуратурасының алқа отырысында мәлім болды.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мүмкіндігі шектеулі 50-ден астам баланың әлеуметтік және оңалту көмегін алуға құқығы бұзылған. Мүгедек балалардың барлығы бірдей протездік-ортопедиялық және басқа да көмекші жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесі жеткілікті қамтылмаған, педагог-дефектологтар, психологтар мен әлеуметтік педагогтар жетіспейді. Аталған балалар тобын жеке оқыту сапасыз жүргізілуде және көрсетілген талаптарға сәйкес келмейді.
Жекелеген мекемелерде медицина қызметкерлері дамуында кенжелеп қалу қатері бар балаларды тереңірек тексеру және уақтылы емдік көмек көрсету үшін жолдау талаптарын ескермейді.
Жыл басынан бері прокурорлық қадағалау актілерімен 200-ден астам мүгедек балалардың құқығы, соның ішінде Көшім психикалық-жүйке аурулары мекемесінде тәрбиеленетін 99 мүгедек баланың денсаулығын сақтауға құқығы қалпына келтірілді.
Прокурорлық ықпал ету актісімен арнаулы педагогика және дефектология бойынша кадрларды қайта даярлауға, балаларды арнайы оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз етуге шаралар қабылданды, 12 білім беру мекемесін санитарлық және техникалық нормаларға сәйкестендіру қамтамасыз етілді. Прокурорлық араласудан кейін апаттық жағдайда деп танылған және балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп туғызған №24 «Солнышко» мектепке дейінгі білім беру ұйымының ғимаратын жөндеу бағытында шаралар алынды.
Облыстық прокуратура органдарымен барлығы 1200-ден астам заң бұзушылық анықталды және оны жоюға 30 ұсыныс енгізілді, ол бойынша 1500-ден астам мүмкіндігі шектеулі баланың конституциялық құқығы қорғалды.
Жол берген заңбұзушылықтары үшін 68 адам (46 педагогикалық қызметкер, 10 медицина және 11 әлеуметтік қызметкер) тәртіптік, соның ішінде екеуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын бұзғаны үшін, сондай-ақ 5 тұлға әкімшілік, тағы бесеуі материалдық жауапкершілікке тартылды.
Облыс прокуратурасының ұсынысы бойынша БҚО-дағы тәртіптік кеңестің ұсынымы негізінде Көшім психикалық-жүйке аурулары мекемесінің директоры Қанат Жұмағазиев сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін қызметінен босатылды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар алу ұсынылды.