БҚО-да «нұротандықтар» кездесулер өткізуде

ОРАЛ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Кеше, 4 қаңтар күні Орал қаласына «Нұр Отан» ХДП республикалық сайлауалды штабының төрағасы, партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин келіп, облыстағы қоғам өкілдерімен кездесу өткізді.
None
None

Бұл шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына аталмыш партиядан үміткер болып тіркелген Раушан Сәрсембаева, Қабиболла Жақыпов, Елена Тарасенко, Бақытжан Ертаев, Гүлнәр Ықсанова, Шавхат Өтемісов қатысты.

Облыстық қазақ драма театрында өткен кездесуде Н.Нығматулин баяндама жасап, партияның сөзі мен ісінде алшақтық болмағанын айтып берді. Еділ мен Жайық арасындағы алты ауданды аралап шыққан Қабиболла Қабенұлы агросектордың алға басқан қадамына таңданысын жасырмаса, Гүлнәр Мұстахымқызы Орал қаласының да көркейе түскенін атап өтті. Ал Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертайұлының сөзі жалынды ұранға толы болды. Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызы партияның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын 2012 жылы Батыс Қазақстан облысынан бастап отырғанын жақсы ырымға балады. Оралдықтардың атынан меймандарды «Орал-Жайық казачествосы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анатолий Авилов құттықтады. Кездесу соңында Қазақстанның Халық артисі Ескендір Хасанғалиев жиналғандарға арнап «Атамекен» әнін шырқады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына аталмыш партиядан үміткер, Қазақстанның Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен Шафхат Өтемісев «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-да болып, жұмысшылармен кездесті. Кәсіпорын басшысы Вячеслав Валиев соңғы жылдары ҚР Үкіметі тарапынан зауытқа күрделі мемлекеттік тапсырыс жиі түсіп, өндіріс әлеуеті күшейгенін баяндады. Генерал-лейтенант Ауғанстанда басынан өткерген ұрыс сәттерін еске алды. Зауыт жұмысшыларын отанға адал қызмет етуге шақырды. Шафхат Әнесұлы өз сөзінде осыдан біраз жыл бұрын зауыттың басынан өткен қиын шақтарға тоқталып, «ел экономикасының еңсесі тіктелгенін осы бір зауыттың басындағы жағдайдан-ақ білуге болады» деді.

Соңғы жаңалықтар