БҚО-да салықтық қылмыстар көбейіп отыр

аталмыш заңға қайшы әрекет қоғамға қауіпті және кең таралған қылмыс түрі болып отыр.
Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті (ЭСЖҚД) бастығының орынбасары Александр Терентьевтің мәлім еткеніндей, 2011 жылдың басынан бері осындай фактілер бойынша 13 қылмыстық іс қозғалған. Соның бірі - Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің лауазымды тұлғасына қатысты тергелу сатысындағы қылмыстық іс. Бұл тұлға жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдерін беру жөніндегі ресми құжаттарға көпе-көрінеу жалған мәліметтер енгізген. Осының салдарынан мелекет меншігінен жалпы құны 50 млн. теңгені құрайтын 30 жер телімі шығарылған.
Облыс аудандарының бірінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Олар «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып, әлеуметтік жұмыс орындарын көбейтіп жатқандай жалған жағымды пікір қалыптастыру мақсатында 35 жұмыссызды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға қызмет көрсету жөнінде бірнеше ЖШС-мен жалған келісімшарттар жасайды. Сөйтіп, мемлекетке 2,3 млн. теңге шығын келтірген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтан болашақта жасайтын қамқорлығы үшін 20 мың теңге пара алу үстінде Орал қалалық ІІБ-ның учаскелік инспекторы ұсталған. Қазір қылмыстық іс тергелуде.
Қаржы полициясы «көлеңкелі экономикаға» қарсы күресті әлсіреткен емес. Оның салмақты үлесін салықтық қылмыстар құрайды. Мұндай қылмыстардың негізгі бөлігі салықтық декларацияға жалған мәліметтерді енгізу арқылы іске асады. Департамент биылғы үш ай ішінде осындай фактілер бойынша 31 қылмыстық іс қозғады. «Өткен жылғы сәйкес мерзімде 21 салықтық қылмыс қозғалды. Бұл қылмысқа қарсы күрес күшейгенімен биыл қылмыс санының өсе түсуі алаңдатып отыр, - деді ЭСЖҚД-ның биылғы үш ай ішіндегі жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында Александр Терентьев. - Мысалға, «Синеклик» ЖШС-ның директоры декларацияларға табысы жөнінде бұрмаланған мәліметтерді енгізу арқылы 548,4 млн. теңгеден астам салық төлемін төлеуден жалтарған. Оған қатысты іс департаментте тергелуде».
Азаматша Б. Орал қаласы аумағында бақандай бес жалған кәсіпорын құрған. Жалған есеп айырысу фактілерін жасыру мақсатымен банкрот болған және басқа да жалған кәсіпорындардың шығын бөлігі бойынша жалған бухгалтерлік құжаттарды дайындап, табыс туралы бұрмаланған мәліметтер енгізілген декларацияларды салық органдарына тапсырған және бірнеше мәрте 500 млн. теңгеден астам салықты мемлекет бюджетіне төлеуден жалтарған.
Басқосуда айтылғанындай, департаменттің жедел-қызмет жұмысы мемлекет қазынасына салық төлеуден және басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарып, ақша қаражаттарын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыруға маманданған жалған кәсіпорындардың қызметі мемлекетке аса ірі мөлшерде шығын келтіретінін көрсеткен. Биылғы есепті мерзімде жалған кәсіпкерлік қызметпен айналысудың алты фактісі анықталды. К. деген азамат кәсіпкерлік қызметпен айналысуды мақсат тұтпай, салық төлеуден жалтару және мүліктік пайда табу мақсатында бірнеше жалған кәсіпорын құрып, оларды жалған тұлғалардың атына әділет органдары мен салық органында тіркеген. Нәтижесінде мемлекетке 407 млн. теңгеден астам шығын келтірген.