БҚО-да соңғы он жылда 9,450 млрд. теңгеге 1754 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің сөзіне қарағанда, биылғы жылдың өзінде облыс шаруашылықтарына 36 «МТЗ» және 30 шөп дестелегіш, тиегіш жаңадан алынды. Қазіргі кезде өңірде жаңа техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 3-5 пайыз аралығында. Облыста 512 шаруашылық егін, 176 шаруашылық мал азығын дайындаумен айналысса, соның 96 пайызын ұсақ шаруашылықтар құрайды. Олардың жаңа техника алуға көбіне-көп шамасы жете бермейтіні түсінікті. Мәселен, жаңа үлгідегі егіс кешендерінің бағасы шамамен 60-70 млн. теңгеге жетеді. Лизингке техника алу үшін де құнының 15 пайызын төлеу қажет. Сонымен қатар келесі жылдың төлемі депозитке салынады. Сонда жаңа техникадан үміткердің қалтасында кемінде техника құнының 25 пайызы болуы қажет.
Сала мамандарының пікірінше, ауыл шаруашылығы саласын техникамен жаңартудың жолдары көп. Ең алдымен мемлекеттік лизинг арқылы техника алуды жеңілдету шарт. Сонымен қатар кедендік одақтың арқасында көршілес елдердің техникасын қолжетімді бағаға сатып алу жағы мемлекеттік тұрғыдан реттелуі керек. Мәселен, Ресейде өтпей, жиналып қалған лизингке берілетін техниканы 50 пайызға төмендетіп өткізу мәселесі қарастырылуда.