БҚО-да соңғы он жылда білім беру бюджеті алты есеге өсіп, 30,5 млрд. теңгеге жетті

ОРАЛ. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында білім беру бюджеті еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тек соңғы он жылдың ішінде алты есеге өсті. Атап айтқанда, 2001 жылы 5,1 млрд. теңгені құраса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 30,5 млрд. теңгеге жетті.
None
None

Облыстық білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, соңғы он жылда 40 жаңа білім нысаны салынып, жас ұрпақ игілігіне берілді. Осы жылдар ішінде 203 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу үшін 13,6 млрд. теңге қаржы жұмсалды.

Облыстың биылғы білім беру бюджеті 31,9 млрд. теңгені құрайды. Орал қаласында Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің 120 орындық интернатымен 600 орындық зияткерлік мектебі құрылысы, Самал шағынауданында 320 орындық балабақша, республикалық бюджет есебінен 3 балабақша (Сайқын, Қызылтал, Подстепный ауылдарында) құрылысы жүргізілуде. Көктемдегі тасқын зардабын жою мақсатында Зеленов ауданының Асан ауылында 230 орындық мектеп, қаланың 5-шағынауданында 1200 орындық мектеп және 290 орындық екі балабақшаның ғимараттары қарқынды тұрғызылуда. Су тасқынынан зардап шеккен 14 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл істе ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 1 млрд. 170 млн. теңге бөлінді.

Биылғы оқу жылының басында Тасқала ауданының Тасқала ауылында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Облыстың мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуден жыл сайын республика бойынша жоғары білім деңгейін көрсетіп келеді. Биыл үш мектеп түлегі ең жоғары 125 ұпайға қол жеткізсе, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп интернаты түлектері 118,87 ұпай жинап, мектеп мерейін асырды.

2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында көп іс тындырылды. Үш жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 93,2 пайызды құрайды. Бұл - республикада бірінші көрсеткіш.

Облыста мектепке дейінгі 453 мекеме бар. Оның ішінде 134 балабақша, 37 мектеп-балабақша кешені, 282 шағын орталық, 2 жеке шағын орталық қызмет жасайды. Мектеп жанынан бос орындарды тиімді пайдалануда 1961 орынға аз шығынды 74 шағын орталық ашылған. Білім беру ұйымдарының әдістемелік бірлестіктері жанынан ата-аналарға арналған 75 кеңес беру пункті құрылса, 4 балабақшада мектеп жасына дейінгі балаларға арналған түзеу және инклюзивті білім беру кабинеттері ашылды. Қазіргі күні облыс бойынша 11 мыңнан, қала бойынша 10 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр.

Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша құрылып жатқан «Жас қыран», «Жас ұлан» балалар ұйымдарына оқушылар көптеп тартылуда.

Күні бүгін Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ашылатын тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебіне 7,8,9-сынып оқушыларынан құжат қабылдау жүргізілуде.

Облыста 416 орта мектеп жұмыс жасайды. Биылғы оқу жылында 9600 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, 91 мың оқушы мектеп қабырғасындағы білім сапарын жалғастыруда.

Соңғы жаңалықтар