БҚО-да соңғы жылдары кәсіпорындарда 152 млрд. астам теңгенің 80 жобасы жүзеге асырылды

ОРАЛ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ірі және шағын кәсіпорындар негізінде соңғы жылдары 152 млрд. астам теңгенің 80 жобасы жүзеге асырылып,
None
None

2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, кәсіпорындар мобильдік бұрғылау қондырғылары мен  арматура, кемелер, сорғылар, мұнай өнімдері және мұнай сақтауға арналған ыдыстар, сепараторлар, сорғы-компрессорлық құбырлар, ұңғыларды жөндеу және диагностикалауға арналған құрал-жабдықтар, мұнай кәсіптік жабдықтарына қосалқы бөлшектер мен құрылыс материалдарының әр түрін өндіріп, өңірімізде өнеркәсіп саласының дамуына үлкен үлес қосуда. Мысалы, қазіргі таңда газ айдаушы агрегаттарға арналған турбиналық және компрессорлық қалақтарды, диаметрі 630 мм-ге дейін жететін полиэтилен тұрбасын, қолданылған мотор майы мен резеңке бұйымдарын қайта өңдеу және кондитер өнімдерін өндіру ісі қолға алынды. 1997 жылдан әйнек өңдеуге маманданған «Стекло-Сервис» ЖШС үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Термомықтылығы күшейтілген әйнек өндірісі» жобасын іске асыруға кірісті. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қолдау-көмек алған бұл жобаның құны - 809,3 млн. теңге. Сондай-ақ индустрияландыру картасы бойынша «Батыс Жол құрылыс» ЖШС-ның балқыту-прокат цехын ұйымдастыру жобасы жандандырылуда. Компания 2007 жылдан бері металл прокаты өнімдерін өндіріп, облыс және еліміздің Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларының сұраныстарын өтеуде.

Өткен жылы іске қосылған «Оралагрореммаш» кәсіпорнындағы ыстықтай мырыштау цехы - еліміздегі ең үздік жобалардың бірі әрі бірегейі. Итальяндық технология негізінде жасақталған мұндай өндіріс цехы  республика бойынша әзірге жалғыз. Бұл жағдай аталмыш цех өнімдеріне сұраныстың мол болатындығына кепілдік береді. Осының өзі облыс экономикасына оң ықпалын тигізеді. Биылғы 2012 жылы жалпы құны 3,7 миллиард теңге болатын алты жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Солардың бірі - «Индустриалдық парк құрылысы» жобасы. Құны 1 млрд.теңгені құрайтын бұл жоба жүзеге асса, тағы 125 жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ өткен жылдың қыркүйек  айында ««Орал «Зенит» зауыты» АҚ «FC-19» жедел  күзет катерін суға түсірді. Аталмыш кәсіпорын бүгінде ҚР Қорғаныс министрлігі үшін «Барс-МО 250» жобасы бойынша шағын зеңбірек-артиллериялық кемесінің құрылысын жүргізуде. Келешекте ҚР ҰҚК Шекара қызметі қажеттілігі үшін  «Айбар 0210» жобалы жедел күзет катері және «Бұлан 0310» көп функционалды кеме өндірісі жоспарлануда. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ алдағы уақытта  жоғары қысымды сорғы жабдықтары мен азаматтық мақсаттағы шағын авиация өндірісін енгізу, сонымен қатар  газ көліктік жабдықтар мен автоматтандырылған жүйелерді жөндеу  бойынша  қызметтік орталықтарын ашуды жоспарлауда.

Өңдеу өнеркәсібі саласында да бірқатар кәсіпорындар өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруда. Атап айтқанда, «Орал механикалық зауыты» ЖШС иінді біліктерді, «КазАрмапром» ЖШС ұнтақтағыш шарларды, «ТМК «КазТрубпром» ЖШС сорғы компрессорлық құбырларды, «Диана-плюс» ЖШС балаларға арналған сыртқы киімдерді Рессей Федерациясына тасымалдауда. Сонымен қатар, «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ, «Аққайнар», «Кублей» ЖШС және басқа да көптеген шағын кәсіпкерлік субъектілері Ауғанстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне өз өнімдерін экспортқа шығаруда.

Ел экономикасын көтеру ісінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының маңызы зор.  Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында аймақтық үйлестіру кеңесінің 24 отырысы өткізіліп, бірінші және үшінші бағыт бойынша құны 10,1 миллиард теңге тұратын 57 жоба мақұлданды. Бұл жобалар жүзеге асса, 1000 адам өзіне тұрақты жұмыс таппақ. 

Бүгінгі таңда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өңірлік филиалымен бірігіп, «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жұмысын жүргізуде. Бұл ретте облыс көлеміндегі барлық аудандар мен Орал қаласында екі күндік экспресс-курстар өткізіліп, 613 адам кәсіпкерліктің алғы шарттарына үйретілді. Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту жобасы бойынша «Назарбаев университеті» АҚ бизнес-мектеп базасында облыстың 15 кәсіпкері  оқытылды. Сондай-ақ өткен жылдың маусым айынан Астана және Алматы қалаларында «Іскер байланыстар» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұған облыстан 23 адам жолданды. Қазіргі уақытта шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату мақсатында Германия және АҚШ елдерінде тәжірибеден өту үшін үздік инвестициялық жоба иелері  іріктелуде.

Соңғы жаңалықтар