БҚО-да тасқын судан зардап шеккендерге көмек жалғасуда
Сырым ауданының тұрғындары арнайы қорға 1,7 млн. теңге аударды. «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қабылдау бөлмелері ашылып, тұрғындардан жиналған киім-кешек пен бірінші кезектегі қажетті заттар Орал қаласына жөнелтілуде.
ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалының ұжымы зардап шеккендер қорына бір күндік жалақылары есебінен 260 мың теңге аударды. Сондай-ақ басқа облыстардағы банк филиалдарына, екінші деңгейдегі банк басшыларына қайырымдылық көрсетуге шақырған үндеу жолданды. Үндеу қолдау тауып, өзге өңірлердегі филиалдар мен екінші деңгейдегі банк бөлімшелері де бір күндік жалақыларын аударды. Ұлттық банк филиалының қызметкерлері зардап шеккендер орналасқан қосындарға барып, жылы киім, жуғыш заттар, балалар тағамдарын апарып, қолдан келген жәрдемдерін көрсетті.
«Азат» ЖСДП облыстық филиалының төрайымы Хадиша Мұқанова бастаған аталмыш партияның бір топ жергілікті өкілдері эвакуациялық қосындарда болып, 210 оқушыны мектеп сөмкелерімен, басқа да керекті оқу құралдарымен қамтамасыз етті.
Қайырымдылық шаралары одан әрі жалғасуда.