БҚО-да тоғыз айда мемлекеттік қызметшілерге жаза беру ережесі 61 рет бұзылды

ОРАЛ. 16 қараша. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында кейбір мемлекеттік мекемелерде тәртіптік комиссиялар өз деңгейінде жұмыс жасамай отыр.
None
None

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің 16 қараша күнгі отырысында айтылды.

Өңірдегі жергілікті атқарушы органдардағы тәртіптік комиссиялардың жұмысына талдау жасаған БҚО-дағы тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Асылұлан Досжановтың айтуынша, биылғы тоғыз айда барлығы 327 мемлекеттік қызметші түрлі тәртіптік жазаларға тартылған. Соның ішінде тәртіптік комиссиялардың ұсынысы негізінде 67 қызметкер жазаға іліксе, үшеуіне жауапкершілікке тартуға негіз жоқ деген шешім шығарылған. Сонымен қатар 21 мемлекеттік қызметкерге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілген кезде ҚР Президентінің 1999 жылғы 31 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолдану ережесін бекіту туралы» №321 Жарлығының талаптары сақталмаған. Мәселен, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында екі қызметкерге қатысты осындай жаза қолданылған кезде ол тәртіптік комиссия отырысында қаралмаған. Сол секілді Бөрлі ауданы әкімі аппаратында төрт қызметкерге ісі аталмыш комиссияда қаралмастан жаза берілген. Аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен ауылдық округтер әкімдіктерінде тәртіптік комиссиялар құрылмаған. Дербес бөлімдер 21, ауыл әкімдіктері 16 қызметкерге жаза қолданғанда, комиссия отырыстарында қарауды қажет деп таппаған. Дәл осындай заңбұзушылықтар Сырым, Қаратөбе, Бөкей ордасы және Шыңғырлау аудандарында орын алды. Ал биыл бірде-бір қызметкері тәртіптік жазаға тартылмаған БҚО мәдениет басқармасында тәртіптік комиссия мүлдем құрылмаған.

Тексеріс барысында мемлекеттік қызметшілерге жаза беру ережесінің биылғы тоғыз айда 61 рет бұзылғандығы анықталды. Бұл, әсіресе, Жаңақала, Зеленов, Ақжайық, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, сәулет және қала құрылысы басқармаларында жиірек кездесіп отыр.

Тәртіптік кеңес отырысында аталған мемлекеттік органдарға заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жолдау ұйғарылды.

Құрылыс жұмыстарын жүргізуге негізсіз және заңсыз рұқсат бергені үшін Тасқала аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Айтқали Сүндетбаевқа, сондай-ақ атқару өндірісі құжаттарын мерзімінде шығармағаны үшін БҚО сот актілерін орындау департаменті Орал қаласы №1 аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Қайрат Сәрсекеевке «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» ҚР Заңы 12-бабы 1-тармағы 12-тармақшасына сәйкес тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Кеңес отырысында тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен аталмыш кеңес құрамына облыс  әкімі аппаратының басшысы Жалғас Мырзағалиев пен БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Айдар Балтағұловтың енгізілгенін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар