БҚО-да тұмауға қарсы егу жұмыстары басталмақ

ОРАЛ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бастап тұмауға (грипп) қарсы егу жұмыстары жүргізілмек. Бұған медицина мекемелері әзір.
None
None

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 29100 доза вакцина сатып алынған, яғни соншама адам егіледі деген сөз. Қалалық емханаларға «Ваксигрипп» вакцинасының дозалары түсе бастады. Француздық дәрі-дәрмекке жергілікті бюджеттен 18 млн. теңге жұмсалды.

Биыл науқанмен қамтылатын батысқазақстандықтардың үштен бірі дерлік тұмауға қарсы тегін егілетін болады, бұл өткен жылғыдан 8 мыңға дерлік көп. Бірінші кезекте 18 жасқа дейінгі балалар, созылмалы сырқаты бар және диспансерлік есепте тұратындар, оқу орындары шәкірттері, балалар үйлері тәрбиеленушілері, қарттар мен мүгедектер үйіндегілер, білім және медициналық мекемелер, халыққа қызмет көрсету саласының қызметкерлері егілетін болады.

Елімізде жыл сайын вирустық инфекцияны 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам жұқтыратын болса, соның 68 пайызы - балалар. Биыл елде жалпы егу жұмыстарына 746 млн. теңге бөлінген.

Соңғы жаңалықтар