БҚО-да тұрғын үй салуға бөлінген 6,7 млрд. теңгенің 4,6 млрд. теңгесі игерілді

ОРАЛ. 24 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жалға берілетін, несиелік тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық желіні тартуға республикалық бюджеттен 6,7 млрд. теңге бөлініп, бүгінгі таңда соның 4,6 млрд. теңгесі игерілген.
None
None

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы салынып жатқан несиелік тұрғын үй құрылысына 2,9 млрд. теңге бөлініп, оның 2,4 млрд. теңгесі игерілген. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жоспардағы 8 тұрғын үйдің (837 пәтерлік) бүгінде екеуі (180 пәтерлік) тапсырылды, қалған 6 үй (657 пәтерлік) жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек. Жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысына 1,7 млрд. теңге бөлініп, соның 625,4 млн. теңгесі игерілді. Яғни, бұл бағыттағы жұмыс 68,9 пайызға орындалды. Аталған қаржыны толық игеруге мемлекеттік сараптамадан өту мен жобалау мерзімінің кешіктірілуі кедергі болды. Сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 2,1 млрд. теңге бөлініп, 106 км желі тарту жоспарлануда. Қазіргі уақытта Зашаған ауылы тұсындағы Орал-Атырау, Орал-Саратов автомобиль жолдары аралығындағы 85 га жер теліміне инженерлік жүйе құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін бөлінген қаржы толық игерілмек. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта жаңа шағынауданда жалпы аумағы 200 мың шаршы метрді құрайтын көпқабатты 40 тұрғын үй салынбақ. Оның 4-і  тоғыз қабатты, 17-сі бес қабатты, 19-ы он қабатты болмақ. Аталған тұрғын үйлердің құрылысын 2016 жылға дейін жүргізу көзделген.

Ал 2016 жылдан бастап жаңа шағынаудан құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жаңа шағынаудандағы көп қабатты тұрғын үйлер құрылысы 1090 мың шаршы метрді құрайды. Заманауи тұрғын үй құрылысымен бірге сол аймақтың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы да жүргізілмек. Аталған жұмыстар 200 га жер теліміне жүргізіледі деп күтілуде.

«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша облыста жыл сайын жалпы көлемі 200 мың шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум