БҚО-да тұрғындардың қару тапсыруы жалғасуда

ОРАЛ. 29 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 26 желтоқсандағы №1299 қаулысына сәйкес
None
None

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тарапынан халықтан атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу іс-шарасы қайта басталғаны белгілі.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне түскен мәліметке қарағанда, аталған шара бұған дейін 2008 жылы өткізілген болатын. Биыл оның бірінші кезеңі 1 ақпаннан бастап 31 наурызға дейін өтеді. Шара шығындары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.

28 ақпанға дейін 32 дана ұзын ұңғылы шолақ мылтық, 198 тегіс ұңғылы мылтық, 3 аңшылық қару, 888 дана шолақ мылтық оқ-дәрісі мен 1 дана артиллериялық снаряд тапсырылған. Оның ішінде қала бойынша 78 қару болса, қалғандары облыс аудандарынан алынған.

Ақжайық ауданының тұрғыны тапсырған артиллериялық снарядты ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлініс жауынгерлері ауылдан үш шақырым қашықтыққа жеткізіп, жару арқылы жойып жіберді.

Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде қару-жарақ заттарының техникалық жай-күйі және оның атуға жарамдылығы ескеріледі. Қару атуға жарамды болған жағдайда төлем ұсынылатын құнының 100 пайызы, ал атуға жарамсыз болған жағдайда ұсынылатын құнының 50 пайызы есебінде жүргізіледі.

Барлық аумақтық ішкі істер органдарында заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ дәріні және жарылғыш заттарды қабылдау жөнінде арнайы комиссия құрылды. Ауыл тұрғындары қару-жарақтарды жергілікті аудандық ішкі істер бөлімдеріне, ал оралдықтар Орал қалалық ішкі істер басқармасына тапсырады.

Соңғы жаңалықтар