БҚО-да Жаңа жыл мерекесі тойлануда
Кеше түнде орталық Абай алаңында мерекелік бағдарлама отшашуға ұласты. Осындай мейрам Оралға қарасты ауылдық кенттерде, барлық аудан орталықтарында ұйымдастырылды.
Жаңажылдық мерекемен облыс жұртшылығын өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтады. Облыс басшысы жасампаздыққа толы 20 жыл ішінде Батыс Қазақстан облысының да экономикасы мен әлеуеті артқан аймаққа айналғанын атап көрсетті.
«Өткен жылы табиғат тосын мінез көрсетті. Көктемгі су тасқыны кезінде көптеген үйлерді су басып, бұрын-соңды болмаған төтенше оқиға орын алды. Елбасының тікелей тапсырмасымен қысқа мерзімде Үкімет тарапынан, Ұлттық компаниялар және республика облыстарынан, жеке және заңды тұлғалардан көрсетілген қаржылай көмектердің арқасында жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, көптеген үйлер күрделі жөндеуден өткізілді.
Зеленов, Тасқала ауданында жаңадан шағын аудандар бой түзеді. Орал қаласында 240 пәтерлік және үш 90 пәтерлік тұрғын үйлер мен әрқайсысы 290 орындық екі балабақша және Асан ауылында 230 орындық мектеп қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарға барлығы 17 млрд. 55 млн. теңге қаржы жұмсалды.
Мерекелі жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оңды өзгерістер болды.
Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1 триллион 349 миллиард теңге құрады, бұл 2010 жылғы деңгейден 7 %-ға көп.
Өңдеу өнеркәсібі саласында 96,8 млрд. теңгенің өнімдері өндірілді.
Бұған біз жаңа өндірісті дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске қосу арқасында қол жеткіздік.
Жалпы, облыста 2011-2013 жылы құны 164 млрд.теңгеге 22 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған болатын. 11 инвестициялық жоба 2011 жылы жүзеге асырылды.
Осы жылы әлеуметтік проблемаларды нақты шешуге бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды.
Қазіргі уақытта облыстың барлық он екі аудан орталықтары газбен камтамасыз етілді.
Тағы бір қол жеткен жетістігіміз - облыста мектеп жасына дейінгі тәрбие орындарын ашу жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындадық. Облыс бойынша мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту 2007 жылы 41 пайыз болса, биылғы жыл соңында 94 пайызға жетіп, республикада 1-ші орынға шықтық.
Облыста денсаулық сақтау, білім беру салалары да жақсы дамып келеді.
2011 жылы мәдениет, спорт және туризм салаларында да қол жеткізген жетістіктеріміз бар.
Облысымыздың спортшылары да елеулі табыстарға ие болды. Жерлесіміз Ерболат Байбатыров самбо күресінен қатарынан төрт дүркін әлем чемпионы болып, еліміз бойынша жылдың ең үздік спортшысы атанды.
Бұл, әрине, биылғы жылы еңсерген жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана», деді әкім.