БҚО-да жаңадан тағайындалған судьялар таныстырылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Азат Ізбасаров пленарлық отырыста ҚР Президентінің 2 наурыздағы № 1188 Жарлығымен тағайындалған судьяларды таныстырды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, төраға оларды таныстыра отырып, судьяның жоғары жауапкершілігін атап өтіп, сот төрелігін сапалы атқару, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау кезінде заңдылық пен құқықтың үстемдігін сақтауға тілектестігін білдірді.
Бәйтерек аудандық сотының судьясы болып тағайындалған Жанар Теңлікқызы 1982 жылғы 14 наурызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Академик Жолдасбеков атындағы институтты тәмамдаған. Әр жылдары Ақмола облысы Целиноград аудандық сотында жетекші маман — сот отырысының хатшысы, Алматы облысы Талдықорған гарнизонының әскери сотында бас маман — сот отырысының хатшысы қызметтерін атқарған.

БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына судья болып келген Азамат Баяков 1990 жылғы 13 маусымда Қостанай қаласында туған. 2012 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясын тәмамдаған. Бұдан бұрын Рудный қалалық сотында аға сот приставы қызметін атқарған.

БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қызметін атқаруға кіріскен Любовь Ақшолақова 1986 жылғы 31 желтоқсанда Шымкент қаласында өмір есігін ашқан. 2025 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясын аяқтаған. Ақмола облысы адвокаттар алқасының стажері, адвокаттың көмекшісі, кейін адвокаты болып қызмет атқарған.

Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты судьяларының қатарын толықтырған Айгүл Мәштиева 1981 жылғы 7 қаңтарда Астана қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Еуразия гуманитарлық институтын, 2024 жылы М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған. Әр жылдары Астана қаласы адвокаттар алқасының стажері, Астана қаласы полиция департаментінің заң бөлімінде жетекші маман, сондай-ақ адвокат болып қызмет атқарған.

Орал қалалық сотының жаңа судьясы Жәнібек Жармұхамбет 1993 жылғы 4 ақпанда Павлодар қаласында өмірге келген. Еуразия инновациялық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Павлодар облысы бойынша Соттар әкімшісінде жетекші маман, Екібастұз қалалық прокуратурасында прокурор, Павлодар облыстық прокуратурасында прокурор қызметтерін атқарған.

Орал қалалық сотының судьясы Абадан Мамыров 1995 жылғы 5 маусымда Орал қаласында дүниеге келген. 2025 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары соты жанындағы Сот төрелігі академиясын бітірген. Еңбек жолын Орал қаласының № 2 сотында жетекші маман ретінде бастап, кейін Ақжайық аудандық сотында, Орал қаласының мамандандырылған тергеу сотында, Орал қаласының № 2 сотында және Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында бас маман — сот отырысының хатшысы қызметтерін атқарған.

Орал қаласының № 2 сотына келген Руслан Шарипов 1986 жылғы 17 сәуірде СҚО-ның Жамбыл ауданында дүниеге келген. 2025 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары соты жанындағы Сот төрелігі академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын «Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-де мемлекеттік сатып алулар секторының бас маман-заңгері ретінде бастаған.

Орал қаласының № 2 сотының судьясы Мұрадым Тілепов 1988 жылғы 1 ақпанда Орал қаласында дүниеге келген. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясын аяқтаған. Әр жылдары «БҚО әкімі аппараты» ММ мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы, Абай облысы Семей қалалық сотының судьясы қызметтерін атқарған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын сот ұйғарымын орындамаған БҚО білім басқармасының басшысы айыппұл төлегенін жазған болатынбыз.