БҚО-да «Жайық Пресс» ақпарат орталығы құрылды

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің атап өткеніндей, ақпарат орталығы қазіргі заман талабынан туындап отыр. Өңірде жедел ақпарат жинау дәстүрі қалыптаспағаны өткен жылы облыста су тасқыны болған қауырт кезде айқын көрінді. Мұндай орталық күнделікті хабар-ошарды сол мезгілінде таратып отыру үшін керек. Ақпараттар www.zhaikpress.kz және www.infoportal.kz сайттарына орналастырылады. Сондай-ақ қызығушылық танытқан журналистердің электрондық пошталарына да жолданып отырылады.
Орталық ұстанымы - сөз бостандығы, әділдік, ашықтық. Оның жетекшісі болып БАҚ өкілдерімен жұмыста тәжірибесі бар Қалиолла Қарағойшин тағайындалды.
Баспасөз мәслихатында «Казахстанская правда» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Людмила Корина, «Қазақстан» РТРК» БҚО филиалы директорының орынбасары Баян Мұхамбетәлиев және басқалар ұсыныс-тілектерін білдіріп, жаңа бастаманы қолдайтындықтарын айтты. Республикалық БАҚ өкілдерімен және жергілікті телеарна, газеттер басшыларымен өзара тығыз байланыста жұмыс жасау бағытында меморандумға қол қойылды.