БҚО-да жазықсыз жұмыстан кеткен медбикенің құқығы қорғалды

ОРАЛ. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы еріксіз жұмыстан кетуге мәжбүр болған қызметкердің талап арызын қанағаттандырды.
None
None

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1995 жылдан бері облыстық онкологиялық диспансерінде медбике қызметін атқарып келген Дәметкен өткен жылдың күз айында, кезекті жұмыс кезінде, өзіне қатысы жоқ, басқа қызметкердің жіберген қателігі үшін, аға медбикенің өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазуын талап етуінің салдарынан, бір сәтте жұмыссыз қалған. Орын алған жайттан бейхабар басшылық тарапынан жұмыстан шығару туралы бұйрық шығарылған. Кейін Дәметкен мекеме басшысына кіріп, болған жайды түсіндірмекші болғанымен, қабылдауға тап бола алмаған. Істің ақ-қарасын дәлелдемекші болған медбике еңбек департаментінен көмек сұрап, прокуратураға жүгінуге мәжбүр болған.

Жұмыстан өз еркімен кету туралы өтінішті аға медбикенің талабы бойынша жазылғандығын айғақтайтын ешбір дәлелді себептердің болмағандығын негізге алған Орал қалалық №2 соты Дәметкеннің арызын қанағаттандырусыз қалдырған.

Бірінші сатыдағы соттың шешімен келіспеген медбике өз еркімен жұмыстан кету туралы ешқандай ойы болмағанын айтып, бірнеше рет онкодиспансер директорының атына хат жолдағанын, сонымен қатар материалдық жағдайының қиындығын, күйеуінің мүгедектігіне байланысты жұмыста жоқтығын, отбасын асыраушы тек өзі екендігін, оның үстіне зейнеткерлік жасқа келіп қалғанын көрсетіп, Орал қалалық №2 сотының шешімін бұзып, жаңа шешім шығаруды сұраған талап арызымен облыстық соттың апелляциялық сот алқасына жүгінген.

Бірінші сатыдағы сотқа жауапкер ретінде шақырылған облыстық онкологиялық диспансері директоры өкілінің, бас еңбек инспекторының, БҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы орынбасарының берген жауаптары медбикенің талап арызындағы жайттарды толықтай растаған. Мұндай жағдайда сот алқасы медбикенің ешбір дәлелді себептері болмады деген бірінші сатыдағы соттың шешімін негізсіз деп тапты.

Еңбек Кодексінің 57-бабына сәйкес, қызметкер жұмыс берушіні бір ай бұрын жазбаша түрде ескерту арқылы өз еркімен еңбек келісімін бұзуға құқылы. Ескерту мерзімінде қызметкер жазбаша түрде еңбек келісімін бұзу туралы өтінішін кері алуға да құқылы.

Сонымен қатар заң бойынша еңбек келісімі негізсіз бұзылған жағдайда, еңбек дауын қараушы орган қызметкерді бұрынғы жұмысына қайтып қабылдау туралы шешім шығарып, жұмыссыз жүруге мәжбүр болған мерзіміне алты айдан кем емес орташа еңбек жалақысын төлейді.

Облыстық соттың апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін бұзып, жазықсыз медбикені бұрынғы лауазымына орналастыру туралы талап арызын қанағаттандыру және облыстық онкологиялық диспансердің есебінен бос жүруіне мәжбүр болған алты ай мерзіміне 483 005 теңге өндірту туралы шешім шығарды.

Соңғы жаңалықтар