БҚО-да Жеңіс мейрамына орай шаралар өткізілуде

Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі соғыс ардагерлері және олардың ұрпақтарымен жастардың кездесуін ұйымдастырды. Кездесуге соғыс және еңбек ардагерлері Қасен Қоспаев пен Зейнекеш Сакубалиев немере-шөберелерімен, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері Қаламсия Ермекованың шөбересі Бауыржан Жақсығұл, Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловтың немерелері Ізболат пен Батырболат қатысты.
Кеш қонақтары Қасен мен Зейнекеш ағалардың өмірдеректерімен танысқан жас ұрпақ олардың өз аузынан естеліктер тыңдады. Украина, Польша елдерін азат етудегі кескілескен шайқастарға қатысып, ерлік көрсеткен Қасен Жақауұлы І дәрежелі Отан соғысы орденімен екі мәрте марапатталды. «Соғыс тек Кеңес елдеріне емес, әлемге қауіп төндірген кезең болды. Қираған қалалар мен қаңыраған ауылдар соғыс зардабын тартты. Отан қорғау жолында көз алдыңда қыршын кетіп жатқан боздақтарды көргенде жан түршігетін еді. Біз сол майдангер достарымыздың кегін ала жүріп, Жеңіске жеттік», - деген Қасен аталарының сөзін жас қауым ықыласпен тыңдады. Қаһармандар ұрпақтары Ұлы Жеңістің бағасын жете түсінеді. Асылдың сынығы Ізболат Михаил атасының батыр атағын алған сәтін мақтана баяндаса, Батырболат Абдолов пен Қасен атаның шөбересі Әлихан өз өлеңдерін оқыды. Зейнекеш Сакубалиевтың жиеншары, Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Альмира Теміржан майдангер атасының ерліктерін баяндады. Адамзатқа соншама қасірет әкелген зұлмат жылдарға олар жастық шағын құрбан қылды. Олар бүгінгі ұрпақтың жарқын жүздерін көріп, тыныштыққа тәубе дейді.
Ұлы мерекеге арналған шарада саз мектебінің оқытушысы Самал Рахимжанова «Ана туралы баллада», «Землянка», «Смуглянка» секілді соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Кеш соңында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті.
БҚО-да қазіргі кезде 512 майдангер қалса, соның 390-ы Орал қаласында тұрады.