БҚО-дағы су тасқынынан зардап шеккен аудандарға «Жасыл ел» сарбаздары аттанды
Бұл туралы бүгін Астанада «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» жобасының үйлестіру штабының отырысында «Жасыл ел» штабының басшысы Ескендір Салиқожаев мәлім етті.
«Біз Батыс Қазақстан облысындағы табиғи апатқа куә болып отырмыз. Қазіргі уақытта БҚО-ның зардап шеккен аудандарында қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі таңда құрамында 100 адамы бар «жасылелдік» жасақ ҚР ТЖМ-нің жетекшілігімен БҚО аттанды», -деді Е. Салиқожаев.
Оның айтуынша, биыл «Жасыл ел» жасақтарының БҚО-дағы санын арттыру көзделуде. Егер жыл сайын студенттерге 500-ге тарта квота бөлінетін болса, биыл оның саны 1200-ге дейін көбейтілмек. «Олардың күші су тасқынының зардаптарын жоюға, мектептер мен медициналық мекемелердің салынуына жұмылдырылады», - деп атап өтті ол.
«Жастар Отанға» республикалық жастар жасақтарының ерлігі - шынайы патриотизмнің, Отанға деген сүйіспеншіліктің және қазақстандық студенттердің жанкештілігінің үлгісі. Жігіттер өздерінің еріктерімен көмектерін ұсынды. Бұл мәрттік - жас қазақстандықтар үшін лайықты мысал болмақ. Бұл елдің тағдырына, қазақстандықтардың тағдырына жастардың селқос қарамайтынын көрсетеді», - деді Е. Салиқожаев.
«Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» жобасы штабының үйлестірушісі, «Нұр Отан» ХДП-нің «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, бүкіл Қазақстан бойынша, жастар ұйымдарының күшімен зардап шеккен тұрғындарға алғашқы көмек заттарын жиналып, БҚО-ға жіберіліп жатыр.