БҚО-дағы тәртіптік кеңес мемлекеттік қызметкерлердің істерін қарады

ОРАЛ. 12 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің 11 шілде күнгі отырысында бірқатар мемлекеттік қызметкерлердің істері қаралды.
None
None

Отырыста алдымен БҚО бойынша монополияға қарсы инспекциясының басшысы Валихан Разовтың мемлекеттік қызметке қатысты заңнамалардың сақталу барысы туралы есебі тыңдалды. Тәртіптік кеңес аталмыш мекемеде кадр тұрақтандыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және басқа жұмыстарды ширату қажеттігін атап көрсетті.

Тәртіптік істері қаралған БҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ерсайын Шатинов пен бас маман Амангелді Еламанов өз қызметтерін атқаруда салғырт-салақтыққа жол берген. Сол себепті Ар-намыс кодексіне сәйкес Е. Шатиновқа ескерту, А. Еламановқа қатаң сөгіс беру ұсынылды.

Тәртіптік кеңес мүшелері мердігердің қызмет атқаруына кедергі келтіргені үшін Жаңақала аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан Әбдіровке «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талаптарына сәйкес қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру керек деген тоқтамға келді. Ал шешімдерді әзірлеу мен қабылдау кезінде жеке тұлғаларға артықшылық көрсеткені үшін Орал қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асқар Хұсайыновқа, сондай-ақ келісімшарт талаптарын орындамай, өнімді толық көлемде жеткізбеген шаруа қожалығын жосықсыз қатысушы ретінде тану туралы сотқа уақтылы бермеген Бөкей ордасы аудандық орталық ауруханасының директоры Әділгерей Ғаббасқа «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 4-тармақшасына сәйкес тәртіптік жаза қолданылатын болады.

Тәртіптік кеңес отырысында БҚО бойынша экология департаменті экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Оңат Қамбетов пен бас маман Татьяна Чаганованы тәртіптік жауапкершілікке тартарлықтай негіз жоқ деп табылса, Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев, Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елтай Жаманғарин, Орал қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асқар Хұсайынов, сонымен қатар Теректі ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Максим Энгеловтің істері толық тексерілмегендіктен, кейінге қалдырылды.

Соңғы жаңалықтар