БҚО-дағы тәртіптік кеңес отырысында үш бірдей аудандық білім беру бөлімі бастығының тәртіптік ісі қаралды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күні тәртіптік кеңестің алдына үш бірдей аудандық білім беру бөлімінің бастығы келді. Әсіресе, бұл «сынақ» Қазталов аудандық білім беру бөлімінің бастығы Талғат Төлеуішевке оңайға түспеді. Бір жыл ішінде тәртіптік ісі екінші рет қаралып, бұған дейін де «сөгісі» бар оған құқық бұзушылықты қайталап жасағаны үшін жұмыстан босатылу қаупі төнді. Т.Төлеуішевке Қазталов ауданы прокуратурасы тарапынан 360 орындық Жаңажол орта мектебін күрделі жөндеу кезінде «АзияТехСтрой» ЖШС мен «Металл бұйымдары» бірлескен кәсіпорнының конкурстық өтінімдерін негізсіз қайтарған, сөйтіп сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылыққа барған деген айып тағылған. Қазір бұл іс сотқа дейін жетіп, қаралу үстінде. Сондықтан тәртіптік кеңес мүшелері мәселені байыпты қарай келе Т.Төлеуішевтің тәртіптік ісін кейінге қалдыруды жөн деп тапты. Ақжайық аудандық білім беру бөлімінің бастығы Марат Абдуғажиев те мемлекеттік сатып алу барысында сүрінген. Аталмыш бөлім бірнеше нысанды энергетикалық сараптамадан өткізу кезінде «Казахэнергоэкспертиза» АҚ-ға артықшылық беріп, екінші қатысушы «Батысэнергоаудит» ЖШС-інің мүмкіндігін шектеген. Бұл мәселе бойынша кінәлілерге шара қолданылғандықтан, М.Абдуғажиевке сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасағаны үшін емес, Ар-намыс кодексі талаптарына сай сөгіс беру ұсынылды.
Тәртіптік кеңес мемлекеттік сатып алуға байланысты, әсіресе, Теректі аудандық білім беру бөлімінде көп заңбұзушылық орын алып отырғанын атап көрсетті. Дәл осы себеппен өткен жылы аудандық білім беру бөлімінің бастығы Гүләйім Асқарова қызметімен қош айтысқан болатын. Осы жағымсыз «эстафетаны» бөлімнің қазіргі басшылары да қабылдап алғандай. Бұл жолы бөлім бастығы Серік Нұрғалиев отырыста қаралған мемлекеттік сатып алу ісіне қатысы болмағандықтан, жазадан құтылғанымен, оның орынбасары Мереке Дүйсенғалиев пен Шаған орта мектебінің директоры Ұлмекен Мұратоваға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына сәйкес ескерту берілетін болды.
Бөрлі ауданының бір топ лауазымды қызметкері құқық бұзушылықтың мерзімі өтіп кеткендіктен, тәртіптік жазаға тартылмаса, қатынас қағаздарына салғырт қараған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Сатым Шәуеновке Ар-намыс кодексіне сәйкес қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беруге ұсыныс жасалды.
Тәртіптік кеңес отырысында өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау үшін демеуқаржы бөлуде кемшіліктер орын алып отырғаны айтылды. Әсіресе, Бөкей ордасы ауданында өрескел заңбұзушылыққа жол берілген. Сарып ауруына байланысты аудан әкімінің қаулысына сәйкес Орда ауылдық округінде шектеу шаралары енгізілсе де, осы округ аумағындағы «Курорт», «Ахметов» және «Береке» шаруа қожалықтарына ірі қара етін сатқаны үшін демеуқаржы заңсыз төленген. Осыған көз жұма қараған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Сүйінбек Хайруллинге сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасағаны үшін сөгіс беру ұсынылды. Сол секілді шаруа қожалықтарының құжаттарына ұқыпсыз қараған Жаңақала және Зеленов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің бастықтары Жанболат Семенов пен Нұрлан Ақаевтың еншісіне Ар-намыс кодексіне орай сәйкесінше сөгіс пен ескерту тиетін болады. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Қали Ақонның, сондай-ақ Қазталов ауданы Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғилым Әдекешев, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» БҚО бойынша бөлімінің бастығы Мәлік Үмбетияров пен бас маманы Бауыржан Рамазановтың істері мәні бойынша шешім қабылдау үшін басшыларына жіберілді. Кәсіпкерлердің лицензия алуы кезінде негізсіз кедергі жасауға жол берген облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы сыртқы экономикалық байланыстар және лизенциялау бөлімінің бастығы Ғалым Бекқалиевке сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамасына сәйкес ескерту беру ұсынылса, бас маман Асылбек Бисекеновтің мұнда ұзақ қызмет жасамағаны әрі оның осы үшін тәртіптік жазаға тартылғаны ескерілді.