БҚО халқы астық өнімдерімен бұрынғысынша және сол бағамен қамтамасыз етілмек
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, биыл өңірде аптап ыстық салдарынан егіс егілген барлық алқаптың 66 пайызы, яғни 352,7 мың гектары жарамсыз болғаны белгілі. Аман қалған алқаптан 3,8 центнерден жиналып, барлық өнім 69 мың тоннаны құрады. Соның ішінде 44,7 мың гектарға егілген күздік бидайдың әр гектарынан 6,1 центнерден өнім алынды.
Қазіргі кезде азық-түлік мақсатына қолда бар 34 мың тонна бидайды пайдалану жоспарланып отыр. Бұл - барлық қажеттіліктің 32 пайызы (керегі - 104 мың тонна). Облыс әкімдігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алдына өңір элеваторларында сақтаулы жатқан мемлекеттік қордан 100 мың тонна бидай бөлуді мәселе етіп қойды. Сол себепті нан өнімдерінен қысылыс болмайды.
Өңірде болашақ егін қамы да жасалуда. Биылғы өнімнен 10,1 мың тонна тұқым даярлануы тиіс, оған өткен жылдан қалған 4,8 мың тонна қосылады, бұл - қажетті тұқымның 30 пайызы. 49,7 мың тонна тұқымның қалғаны «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ арқылы шешілмек.