БҚО музейі облыстық ассамблеямен бірігіп «Ақ Жайық достық мекені» жобасын жүзеге асыруда

Қоғам, ұлт ретінде өмір сүрудің айнымас шарты да осы бірлік. Қазір қоғамда «Біз қазақстандықтармыз!» деген түсінікті қалыптастыра отырып, елін сүюге және жерін қадірлеуге бағытталған шаралар жүзеге асып жатыр. Осыған орай өлкені мекендеген ұлт-ұлыстардың төл мәдениеті мен дәстүрін насихаттауға тың серпін беруге облыстық тарихи-өлкетану музейі де зор үлес қосып келеді. Бұл туралы музейдің қор бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Қауланова мәлім етті.
-Қазақстан халқы облыстық ассамблеясын Ақ Жайық өңірінде бейбітшілік пен келісімді қолдайтын, ұлттар достығын жүзеге асыратын орган деп танысақ, музей - өткен мен болашақты жалғастырушы буын, деді ол. Өйткені музейге жинақталған әр жәдігерде аймақты мекендеген әрбір ұлттың жүріп өткен жолдары, өлкенің мол тарихы жатыр. Өткен жылы Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен бірлесіп, музей қабырғасында корей халқының Қазақстанға қоныс аударуына 75 жыл толуына арналған «Кәрістер тарих шаңына айналған жоқ...» («Корейцы не превратились в пыль истории...») атты үлкен көрме ұйымдастырылды.
ХХ ғасырдың 30-50 жылдар аралығында КСРО-да тұтастай халықтарды күштеп жер аудару орын алған еді. Күштеп көшіру саясатының құрбаны болған халық Қазақстаннан Отанын тапты. Қиналғанға қолындағысын бөліп беретін меймандос қазақ халқының шапағатын көрді. Бүгінде Қазақстан халықтар мен ұлттардың екінші Отанына айналып отыр.
«Ұлтаралық татулық, достық, қазақстандық отаншылдық тақырыбын жалғастыра отырып, биыл наурыз айынан бастап облыстық музей облыстық ассамблеямен бірігіп, «Ақ Жайық - достық мекені 2013» атты жобаны жүзеге асыруда. Жоба аясында облыс аумағын мекендейтін барлық ұлт өкілдерінің мәдениеті, салт-дәстүрі туралы тереңірек мағлұмат беру үшін этномәдени бірлестіктердің көрмесі өтеді, тағылымды кездесу кештері ұйымдастырылады. Мұның бәрі түрлі ұлттық мәдениеттердің өзара байланысын дамытып, бірін-бірі толықтырып, байыта түсуіне ықпал етпек», деп түйіндеді ойын музей қызметкері.