БҚО-ның Бөрлі ауданы Успенов ауылына оралмандар қоныстанбақ
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімінің орынбасары Талғат Сыдықтың айтуынша, Орынбор облысымен шектесетін аталмыш ауыл Жайық пен Елек өзендерінің арасында орналасқан, мұнда егін және мал шаруашылығымен айналысуға толық жағдай бар, орман да тиіп тұр. Аталмыш ауылда 900 адам тұрады. Алдын ала облыстық және ресейлік газеттерде хабарландыру беріліп, қазірдің өзінде Орынбор, Саратов облыстарынан телефон шалушылар аз емес. «Нұрлы көш» бағдарламасына сәйкес ауылға 2011 және 2012 жылдары 50 адамнан, 2013 жылы 100 оралман қабылданбақ.
Успенов газдандырылған, 1963 жылы іргесі қаланған мәдениет үйі өткен жылы күрделі жөнделді. 380 орындық үлкен және кіші залы бар мәдениет үйінде түрлі үйірмелер, сондай-ақ 18 мың кітап қорымен кітапхана жұмыс жасайды. Жергілікті бюджет есебінен бұрынғы музыка мектебінің ғимараты бюджет қызметкерлері үшін төрт пәтерлік үй ретінде қайта жөнделуде, Бос тұрған тағы бір ғимарат тұрғын үйге айналмақ. Оралмандар келгенше бұрынғы аурухана ғимараты ретке келтіріліп, онда ауыл әкімдігі мен бизнес-инкубатор орналаспақ. Тігін цехы, етік шеберханасы, шаштараз, техника жөндеу орталығы, фотостудия ашылатын болады. Балалар үшін тәулік бойы жұмыс жасайтын 100 орындық лагерьдің жобалау-сметалық құжаттамасы жасалуда.
Бөрлі ауданында шағын ауылдарды жандандыру бағдарламасына сәйкес осындай елді мекендер қайта түлемек.