БҚО-ның Октябрь ауылына газ келіп, өзен арқылы өтетін көпір салынды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мамырдың 7-сі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Октябрь ауылына арнайы ат басын бұрып, жұртшылықтың қуанышын бөлісті. Әкім алдымен көгілдір отынға қосылған елді мекенде ауыл ақсақалы Берік Құрманғалимен бірге дәстүрлі алауды тұтатты.
Келесі кезекте облыс басшысы Октябрьді облыс орталығымен байланыстыратын жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің ашылу рәсіміне қатысты. Құны 26 млн. теңге құраған көпірдің құрылысын "БатысЖолҚұрылыс" ЖШС жүргізген.
Ауыл тұрғындарын Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құттықтаған әкім Елбасының тапсырмасына сәйкес облыста халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Тек соңғы үш жыл ішінде Ақ Жайық өңіріндегі 425 мектептің 200-ден астамы, яғни әрбір екінші мектеп күрделі жөндеуден өткізілген. Денсаулық сақтау, мәдениет салаларында да осындай қызу жұмыс бар. Жылдың ортасына қарай бүгінгі тоғыз жылыжайдың саны тағы он бірге көбейіп, жиынтығы жиырмаға жетеді. Биыл сондай-ақ мал бордақылау кешенінің, қуаты 54 МВт газтурбиналық стансаның, ілеспе газ өңдеу кешенінің құрылысы аяқталады. Аталмыш елді мекенде бұрын әр отбасы қыстық отын алуға 65-70 мың теңге қаржы жұмсайтын болса, енді газдың шығыны одан екі есе арзанға түспек. Ауылға мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Алдағы жылы мектеп құрылысы да салынып бітпек.