БҚО-ның Сырым ауданы орталығында жаңа балабақша салынбақ

Аудан әкімі Ерлан Нысанғалиевтің айтуынша, қазіргі кезде нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жалпы, ауданның биылғы білім бюджеті 1 млрд. 256 млн. 798 мың теңгені құрап отыр. Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиемен қамтамасыз ету үшін "Балапан" бағдарламасы аясында 39 млн. 662 мың теңге қаржы бөлініп, 15 шағын орталық, бір балабақша іске қосылды. Жалпы орта білім беретін мектептер жанынан 9 мектеп-балабақша, 24 шағын орталық жұмыс атқаруда. Яғни, бүлдіршіндерді мектепалды тәрбиемен қамту деңгейі 86 пайызға жетті.
Мектептерге ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 4,1 млн. теңгенің құрылыс материалдары сатып алынды. Қособа, Бұлан орта мектептеріне құны 11 млн. 78 мың теңге құрайтын мультимедиа кабинеттерін, Аралтөбе мектебіне 4 млн. 95 мың теңгеге биология кабинетін сатып алу жоспарлануда. Оқушылар тасымалы үшін биыл Қособа мектеп-балабақшасына УАЗ автокөлігі алып берілді. Шәкірттерді ыстық тамақпен қамтуға 39 млн. 531 мың теңге, әлжуаз отбасынан шыққан ұландарға киім-кешек әперуге 6,9 млн. теңге қаржы бөлінді.